RU

Қайрат Нұртас: Ел аралап жүргенде дұрыс демалып, тамақтануға мүмкіндік бола бермейді

Үнемі қарапайым халықтың, тыңдармандарының ортасынан табылатын қазақ эстрадасының жұлдызы Қайрат Нұртас медициналық сақтандыру жүйесі туралы өз пікірін білдірдi.

- Қайрат, әр адамның өз денсаулығы - өз қолында. Сен өнер адамы болғаннан кейін жол үстінде көп жүресің. Күн мен түн ауысып кетіп жататын кездер де көп болады. "Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" дейді. Жалпы, денсаулығыңды қалай күтесің?

- Рас, ел алдында, көрермендер ортасында жүргеннен кейін, дұрыс тамақтанып, дұрыс демалуға мүмкіндік бола бермейді. Соған қарамастан сырт келбетіме, денсаулығыма көңіл бөлуге тырысамын. Дәрігерлердің ақыл кеңесі мен дер кезінде сапалы медициналық қызмет алу да маңызды, сондықтан қолымнан келгенінше айтқандарын тыңдап, дұрыс уақытылы ем алуға тырысамын.

- Еліміздегі медицина саласында жаңа реформа енгізілмек. Оның негізі - азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру. Осы медициналық сақтандыру туралы естуің бар ма?

- Әрине естуім бар. Менің түсінуімше, медициналық сақтандыру жүйесінде барлық адамға бірдей көмек көрсетіледі. Және әр азамат өзі емделетін жекеменшік не мемлекеттік ұйымды таңдай алады.

Олай болса, ауруханалар мен емханалар емделушілер өздерінде қаралу үшін бар жағдайды жасауға тырысады. Өйткені, бәсекелестік болса, медициналық кызмет сапасы артады. Бізге керегі де осы.

- Яғни, медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы өз денсаулығыңды, отбасыңның денсаулығын сақтандыруды қолдайсың ғой? Қолдасаң, замандастарыңа не айтар едің?

- Медициналық сақтандыру қорына жарналар енгізу арқылы біз қабылдаудан бастап дәрігердің толыққанды тексерулеріне дейін және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде қымбат операцияларға, кез-келген емханада медициналық қызметтердің барлық түрлеріне қол жеткізе алады екенбіз. Ендеше, неге қос қолдап қолдамасқа?! "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді халқымыз. Қолдаймын! Себебі, көтеріңкі көңіл-күй денсаулықтан басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1635959-qayrat-nurtas-el-aralap-zhurgende-dury.html