RU

Шымкентке "Зың" деп баға берген қала әкімі сынға қалды (фото, видео)

Кеше ғана қала күнін тойлау кезінде өзі басқарған Шымкент шаһарына «Зың» деп баға берген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сынға қалды деп хабарлайды NUR.KZ. Мегополис тұрғыны, танымал блогер Айгүл Орынбек facebook.com желісіндегі парақшасына «Шымкент қаласының "Зың" əкіміне сұрақ!» деген жазба қалдырды.

Қоғам белсендісінің шамына Шымкенттегі ең үлкен Темірлан күре жолындағы құрылыс жұмыстары тиген.

«Қателеспесем осыдан екі жыл бұрын Темірлан тас жолында дәл осындай бетондар тұрған еді.  Адамдар үстінен аттап өте беретін болған соң, «темір қоршауға ауыстырып жатырмыз» деген сол кезде. Енді қайтадан бетон қойып жатыр. Бүтін тұрған темір жиектерді неге алып тастап жатсыздар қала əкімдігі? Шыны керек мына бетон қалаға кіретін үлкен даңғылдың көркін ашып тұрған жоқ! Осы бетондарға кеткен қаржыға, қаламыздың лай басып жатқан мөлтек аудандарына тас жол салмасқа?!

Тағы оқыңыздар: Қостанай облысында зейнеткердің итін ұрлап, жеп қойды

Неге сол көшелерге асфальт төсемейсіздер? Бүтін тұрған жерді бұзып қайта жасай бергеннен мүйіз шыға ма? Əлде біз білмейтін бір құпия бар ма?  Немесе бюджеттегі ақшаны қайда жарату керектігін білмей жатсыздар ма? Маған осы сұрақтарға жауап берсеңіздер. Себебі осы даңғылмен өткен сайын көлік жүргізушілері "бүтін тұрған дүниені қиратып, ақша жасап жатыр "- деп балағаттап жатады.

Мүмкін таксистер түсінбейтін шығар, мен түсініп қалармын сіздердің мына істеріңізді. Əлде əкімдікте жұмыс істейтін біреудің бетон шығаратын зауыты бар ма?". 

Жазбаға пікір қалдырушылардың көпшілігі тас жолға тыным бермеген әкімдікті сөгіп, атқарылып жатқан жұмыстарды ысырапқа теңеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1636172-shymkentke-zynh-dep-bagha-bergen-qala-aki.html