RU

Ақтөбеде түрмеде ауызын тігіп, аштық жариялаған жігіт ғашығымен некесін қидырды (фото)

Ақтөбе қалалық сотында пәтер ұрлығына қатысы бар деп қамауға алынған Руслан Карашиновқа қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Оған жәбірленушінің пәтерінен құны миллион теңгедей болатын бірнеше алтын бұйымдарын ұрлады деген айып тағылды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Өзіне тағылған айыппен келіспеген 27 жастағы Руслан Карашинов тергеу изоляторында ауызын тігіп, қарсылық танытты.  Ол 1 мамырдан бері қамауда отыр.

Айыпталушының 18 жасқа енді толған ғашығы жігітімен түрмеде некесін қиғанын айтып, судьядан сотқа өзін қорғаушы ретінде қатыстыруды сұрады.

Тағы оқыңыздар: Алматылық дәрігерлер жете алмай қалған Шымкенттегі науқас әйел жансақтау бөлімінде жатыр

«Бұл қылмысқа Русланның қатысы жоқ. Ол қамауға алынған күні оның туған күні болатын. Оның мерекесін атап өткеннен кейін жалға алған пәтерде ұйықтайын деп жаттық. Таңғы бесте біздің бөлменің есігін бұзып, жедел жасақ адамдары кіріп келді. Олар мені  Сазды бөлімшесіне аяқ киімімді киіп үлгерместен жалаң аяқ алып келді. Ол кезде мен кәмелеттік жасқа толмаған болатынмын. Сазды бөлімшесінде пәтер ұрлығына қатысты оның қамауға алынғанын естідім. Ұрлық болған уақытта менің жолдасым қалада болған жоқ. Оның Орал қаласында жолдастарымен кафеде отырғандығы жөнінде видео да, куәгерлер де бар», - дейді Жасмин Карашинова.

Ол үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеуде отырған жігітіне үйленіп алғанын айтты.

«Біз 4 қыркүйек күні заңды некемізді қидық. Ол жақтағылар алғашында біздің кездесуімізге қарсы болды. Тек құжатқа қол қоюға ғана келіскен. Кейін бізді 4 минут кездестірді», - дейді айыпталушының әйелі.

Руслан Қарашаев бұрын да істі болған. Ол үш жыл бұрын ғана алты жыл абақтыда отырып шыққан. Айыпталушының анасы жұмыс істемейтін баласына туған күнін атап өту үшін ақшаны өзі бергенін айтты.

«Ешқандай дәлелдері жоқ. Жоғалған алтындар да табылған жоқ. Олар менің баламды ғана таныдым деп тұр. Менің баламның бұл қылмысқа қатысы жоқ. Оның жұмы істемейтіні рас, ол үйде науқас қарындасын күтеді. Балама ақшаны мен беремін. Оқиға болған күні балам қалада болған жоқ. Олар жала жауып отыр. Қылмыс күндіз тіркелген. Бір тәулік болмай қылмыскер деп менің баламды ұстайды. Оған 160 мың теңгені туған күнін атап өту үшін 30 қыркүйек күні өзім бердім», - дейді анасы Қарлығаш Қарашинова.

Руслан Карашинов судьяға 22 күннен бері аштық жариялағанын, өзінің күннен күнге әлсіреп бара жатқанын айтып, сот процесін тезірек бітіруді сұрады. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1636921-aqtobede-turmede-auyzyn-tigip-ashtyq-zh.html