RU

Алматылық дәрігерлер жете алмай қалған Шымкенттегі науқас әйел жансақтау бөлімінде жатыр

Санавиациямен профессор шақыртқан шымкенттік науқас келіншектің жағдайы белгілі болды деп хабарлайды NUR.KZ  порталының тілшісі. Жас босанған ана қазір Шымкенттік облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

«Босанған әйел біздің ауруханаға Түркістаннан 2 қазан күні келіп түсті. Ол сәбиін 16 қыркүйекте өмірге әкелген. Жарты ай бойы Түркістандық дәрігерлер келіншектің өмірін сақтап қалу үшін бар жағдайын жасаған. Беті бері қарамаған соң облыстық ауруханаға жөнелтілген. Қазір науқас жасанды тыныс аппаратына қосылулы, жағдайы өте ауыр. Оған өкпе циррозы немесе гепатит деген диагназ қойылды.  Республикалық деңгейдегі білікті мамандарды тек осындай ауыр жағдайларда шақыртамыз. Өкінішке орай алматылық дәрігерлер науқасқа жете алмай қалды. Бүгін науқастың жай-күйін телемедицина арқылы (ғаламтор желісіне қосылып, тікелей эфир арқылы өзге өңірдегі білікті мамандардан кеңес алу) бірнеше дәрігерлерге көрсетіп сөйлестік. Сондай-ақ тағы да  дәрігер шақырту үшін  республикалық санавиациямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз»,- деді Шымкенттегі облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цай.

Науқас келіншек 16 қыркүйек күні салмағы 4,9 кг болатын дені сау қыз баланы өмірге әкелген. Нәресте перзентханадан шығарылып, әкесінің қолына табысталыпты.

Тағы оқыңыздар: Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы қалай?

Естеріңізге сала кетейік, Алматыдан Шымкентке бағыт алған Ан-28 ұшағы Алматы әуежайынан 28 шақырым қашықтықта құлап, бортта болған бес адам қаза тапқан. Кейін ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың есімі де белгілі болды.  Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше санавиация Шымкенттегі жас босанған ананы құтқару үшін жолға шыққан.

«Ауыр халдегі жүкті әйелге көмек көрсету үшін үшінші қазан 18:39-да Алматыдан Шымкентке санитарлық авиация бригадасы шықты. Екі дәрігер: профессор, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының акушер-гинеколог дәрігері Патсаев Талғат Анапиаұлы және профессор, Кардиология мен ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог-дәрігері Артықбаев Жәнібек Төкенұлы болды», - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1637001-almatylyq-darigerler-zhete-almay-qalgh.html