RU

Алматылық қызға үйленген АҚШ азаматы әйелінің қазасынан кейін Қазақстанға көшіп келді (фото)

Майами тұрғыны Крис Стэнсон алматылық әйелінің қатерлі дерттен көз жұмғанына қарамастан жалғыз ұлын Қазақстанда тәрбиелеп, үлгілі әке болып жүр деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Ол алматылық бойжеткен Еленаға үйленіп, екеуі Оңтүстік Кореяға жұмыс бабымен барады. Сол жерде ұлдары дүниеге келіп, ерлі-зайыпты аталмыш елде 3,5 жыл тұрады.

"Ақыры біз әйелімнің отаны Қазақстанға қайтып оралдық. Әйелімнің бақыты үшін Қазақстанда тұруды ұйғардым. Әйелім Елена керемет әрі ақылды жар болды. Алты тіл білді, журналистер мен жазушылар отбасынан еді. Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Шамамен үш жылдай қатерлі дертпен күресіп келді... Ол бар-жоғы 28 жаста еді. Мен соңына дейін одан айырылып қалатыныма сенбедім. Әйелім туралы видео әзірлеп, ұлыма анасының қандай жан болғанын көрсеткім келеді. Ол анасы мен әкесіне, отбасына бас-көз болуымды өтінді. Мен өтінішін орындауға уәде бердім...", - деп көзіне жас алды Крис.

Тағы оқыңыздар: Алматы маңында апатқа ұшырап, күлге айналған ұшақтың суреті пайда болды

"Біз ұлымызбен Астанада бақытты өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан мен үшін ерекше мекен. Мұнда әйеліммен байланыстыратын естеліктер көп. Америкада өмір деңгейі жоғары болса да, мен үшін Қазақстан жүрегімде ерекше орын алады.

Сен ата-ана болған күні өзің үшін өмір сүруді доғарып, ұлыңа бар өміріңді паш етесің. Мен ұлымның бақытты болғанын қалаймын. Ол бақытты", - дейді Крис.

Қазақстанда қалуды ұйғарған шетелдік азамат бүгін еліміздің телеарналарының бірінде бас редактор болып қызмет етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1637474-almatylyq-boyzhetkenge-uylengen-aqsh.html