RU

Мектепке жалаңаяқ барады: депутат Смирнова ауылдағы сұмдық жайтты айтты

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектебі жоқ ауыл балаларының алысқа бірнеше шақырым жаяу жетіп жүргенін айтып, премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа мәселені шешуді сұрап депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Елімізде 1523 ауылда мектеп жоқ, сондықтан оқушылар басқа ауылдардағы мектепке баруға мәжбүр. Бүгінде олардың саны 30 мыңнан асады. Оқушылардың мектепке жетуін ауыл әкімдігі қамтамасыз ету керек.

Бірінші кезекте оларды жеткізетін көлік қажет. Ол ақаусыз болуы тиіс, автобустың ішіндегі балалардың саны орын санынан артық болмауы керек. Қала сыртындағы жолдарда балаларды тасымалдайтын бірнеше автобус болса, олардың жанында міндетті түрде ішкі істер органдарының арнайы көліктері жүруі тиіс. Балаларды жинайтын арнайы алаңқайлар болуы шарт", — деді Смирнова.

Тағы оқыңыздар: Алматы маңында апатқа ұшырап, күлге айналған ұшақтың суреті пайда болды

Бірақ, депутаттың айтуынша, көбінесе балалар жолсыз жермен мектепке бірнеше шақырым жаяу жүріп барады.

"Жаңбыр жауған кезде балалар балшыққа батып қиналады. Тіпті оқушылардың балшықтан етігін алып шыға алмай, мектепке жалаңаяқ жететін кездері болады.

Алматы облысындағы Іргелі ауылының балалары Кемертоғандағы жаңа мектепке бара алмай жүр. Өйткені, ата-аналардың айтуынша, жол жоқ, автобус ол жаққа жүрмейді, ал мектеп автобусы ұйымдастырылмаған. Сондықтан балалар алыстағы Қаскелең ауылына барады.

Ақмола облысындағы Қосшы ауылында да қиын жағдай. Оқушылар алты шақырымдай жаяу жүреді. Жаңбырлы күндер болады, қыс жақындап қалды. Балалар қалай мектепке жетеді?", — деп қынжылды ол.

Депутат Целиноград ауданындағы Қоянды ауылы тұрғындарының шағымын да жеткізді. Олар жолдың жоқтығын және мектеп автобустарының жетіспейтінін көптен бері айтып жүр. Бұл ауылда халық саны тез өсіп келеді, қазірдің өзінде онда 500-ден астам оқушы бар, бірақ проблема шешіліп жатқан жоқ.

Тағы оқыңыздар: Украинада ажырасқан ерлі-зайыптылар иттерін бөлісе алмай, таласып қалды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шұңқырсай ауылында 300-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Он жылдан астам уақыттан бері тұрғындар биліктен мектеп салуды сұрап отыр. Қазіргі уақытта 500-ге жуық бала көрші ауылда оқуға мәжбүр.

"Білім министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында оқушыларды мектепке жеткізудің ұйымдастырылмағаны айтылған еді. Бірақ бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр", — деді Смирнова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1637512-mektepke-zhalanhayaq-barady-deputat-smi.html