RU

Алматы маңында апатқа ұшыраған АН-28 ұшағының құлаған сәті камераға түсіп қалған

АН-28-дің құлаған сәті сол маңдағы жанармай бекетінің бақылау камерасына түсіп қалыпты. Онда ұшақтың қонғанға дейін-ақ өртеніп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, оқиға куәгерлері де апатқа қатысты жаңа ақпараттарымен бөлісті. Олардың айтуынша, құлдилап келе жатқан кезде ұшақтың бір моторы істемепті. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Видеодағы дата мен уақыт кешегі апат орын алған сәтпен дөп келіп тұр. Тіпті жарылыс болғандағы екі жарқыл да таспада анық көрінеді. Алматыдан Шымкентке бет алған санавиация борты 12 минуттан кейін радардан жоғалған. Тағат таппай, көңілдерін үміттен гөрі күдік басқан мамандардың қауіпі ақыры шындыққа айналды. Түгі қалмай жермен жексен болған ұшақты құтқарушылар тек екі сағаттан кейін Іле ауданы Междуреченск ауылы маңынан тапты.

Тағы оқыңыздар: Байбек ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсетуді тапсырды

Болжам бойынша ұшақ техникалық ақауға байланысты жазық далада қонуға әрекеттенсе керек.

Төмен құлдырған АН 28 ұшағының арты алдымен бағанаға соғылып, артынша 50 метр қашықтықтағы екінші бағанамен беттескен. Ауыр соққыдан ұшақ әп сәтте отқа оранып, бірнеше минуттың ішінде жанып кетіпті.

Әуе кемесі Междуречинск ауылынан 3 шақырым жерде құлағанмен, оның отқа оранғанын көпшілігі көрген.

Сондай-ақ куәгерлер шамаман 18-55 те мүлгіген даланы жаңғыртқан әуе көлігінің жарылған дауысын да естіпті. Көзді ашып жұмғанша отқа оранып, от шашудай алау аспанғанға шарпыған көрінеді.

Сөйтіп, құлаған ұшақ бірнеше бөлікке шашылып кетіпті. Темір қаңқалары болмаса, қалғаны күлге айналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638001-almaty-manhynda-apatqa-ushyraghan-28-usha.html