RU

Қаза тапқан дәрігерлердің көмегіне зәру болған келіншек өлім аузында жатыр

Алматы маңында болған ұшақ апаты кезінде қаза тапқан дәрігерлер көмек көрсетуі тиіс шымкенттік келіншектің хәлі нашарлап барады. Бауырдың циррозына ұласатын вирустық гепатиті бар 30 жастағы әйел екі күн бұрын ғана Түркістаннан Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық ауруханасына ауыстырылған.

16-шы қыркүйекте алтыншы баласын босанған келіншектің өмірі үшін арпалысқан жергілікті дәрігерлер оны ақыры Шымкентке жөнелткен. Алайда науқастың жағдайы тым мүшкіл болған соң оңтүстіктің ақ халаттылары Алматыдан білікті мамандарды шақыртыпты.

Тағы оқыңыздар: Байбек ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсетуді тапсырды

Қазір арнайы аппаратпен ғана тыныс алып жатқан келіншекке мықты мамандардың көмегі әлі де қажет. Сондықтан, күнгейлік дәрігерлер тағы да санавиацияға жүгінуге мәжбүр.

"Әріптестеріміздің қазасын естігенде қабырғамыз қайысты. Олар өз жұмысын атқару кезінде көз жұмды. Бірақ, біз дәрігерміз, бірінші кезекте ауыр науқасты емдеуіміз керек. Бұл үшін бізге республикалық деңгейдегі арнайы мамандардың кеңесі қажет. Сондықтан республикалық санавиацияның келуін сұрап, тағы өтініш жазып отырмыз", - дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638084-qaza-tapqan-darigerlerdinh-komegine-z.html