RU

Алматы облысының тентек молдасы құрбандық шалуға ақшасы жоқ тұрғынды мешіттен қуған

молящийся в мечети
Фото: Getty

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бірлік ауылының мешітінде шу шықты деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі matritca.kz сайтына сілтеме жасап. Жергілікті имам құрбандық шалуға жағдайы жоқ тұрғындардан мешітке кірмеуді талап етіпті.

«Мен Құрбан айт күні тұрғындармен бірге айт намазын оқуға мешітке бас сұқтым. Дұға оқылып біткен соң мешіттің бас имамы елдің көзінше маған қарап тұрып «сен бүгін құрбандыққа қой шаласың ба?» деп сұрады. Мен оған құрбандық шалуға шамамның жоқтығын, үй тұрғызып жатырмын, әйелім науқас, ұлдарым жұмыс жасамайды деп түсіндірдім. Сол-ақ екен, молда бәрімізге қарап тұрып «құрбандық шалмағандар мешітке кірмеңдер, соның ішінде сен де» деп айтып салды.

Осы оқиға ауыл арасына тарап кетіп, әйелім қатты жылады, ал менің қан қысымым көтерілді. Елдің алдында ұятымызды шығарғанымен көпшілік бізді жақтап сөйлеп, тіпті кейбірі әлеуметтік желіге осы оқиға туралы да жазыпты. Содан кейін ғана ауыл имамы үйге келіп кешірім сұрады»,- дейді зейнеткер Мұратбек Түсіпов.

Тағы оқыңыздар: Павлодар облысында төрт ай бұрын жоғалған әскери қызметкер әлі табылмады

Жас молданың жаға ұстатар әрекетін ауыл әкімі де мойындап, тұрғындардан бірнеше шағым түскенін айтты.

«Мемлекет дін ісіне араласпауы керек. Бірақ мешіт халықтың ақшасына салынған соң, тұрғындар түрлі шағым айтқан соң араласуға тура келеді. Селодағы мешітке имам таппай біраз жүрдік. Сосын Қытайдан келген Серғазы деген азаматты алып едік, оның да білімі жоғары емес екен. Мектеп бітірген атестатынан басқа құжаты жоқ болса да, дұға оқып, салт-дәстүрді білген соң тұрғындар бас имам қылып сайлады», - деп түсіндірді Балтабай ауылы әкімінің орынбасары Сәуле Әлипов.

Тағы оқыңыздар: "Порно" видеосы арқылы танылған дінтанушы шымкенттік сопы туралы бар шындықты айтты

Шала сауатты молда Алматыға келіп қысқа мерзімді курс тәмәмдап, сертификат алып, жұмысын әрі қарай жалғастырған. Онымен қоймай имам мемлекеттік мерекелерді тойлауға ат салыспақ түгіл, суретке де түспейді екен. Балтабай ауылы көп ұлтты. Жас имам қайтыс болған жанның жаназасына мұсылман еместердің келуіне де тыйым салған. Осы қылығынан шошыған жұртшылық ауыл молдасынан құтыла алмай жүр.

Тағы бір айта кетерлігі, елімізде 3611 имам мешітте жұмыс жасаса, соның тек 15 пайызының ғана жоғары білімі бар. 22% орта білімді, ал 63%  қысқа мерзімді курс тәмәмдаған Серғасы секілді молдасымақтар екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638284-almaty-oblysynynh-ashynghan-turghyndary.html