RU

Отандық жас актер "жұлдыз" бола алмай жүргенін айтты (фото)

Жуырда қалың көрерменге жол тартқан "Крылья подаренное матерью" фильмінің жас актері "өнер адамдары өздерін -өзі жарнамаламаса, ешкім оларға жарнама жасамайтындығын" айтады.  NUR.KZ порталына шағын сұхбат берген Жұбанаев Нышанбек болашақта еліміздің кино саласының лайықты "шоқ жұлдызы" болуды қалайтынын жеткізді.

- "Крылья подаренное матерью" атты жаңа кинодағы басты рөліңізбен құттықтаймын. Кино жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

-  Кино ана мен бала арасындағы махаббат туралы. Мен кинода жағымсыз рөлді сомдаймын. Ағайындылардың үлкені болсам да, көп қателіктерге жол беремін. Жалпы кино өте қызық, қазіргі жастарға берері мол деп ойлаймын. Фильмді көруге кеңес беремін.

- Бір сөзіңізде «жұлдыз» бола алмай жүрмін» деген екенсіз. Қалай ойлайсыз «жұлдыз» болу үшін не істеу қажет?

- Жоқ, мәселе «жұлдыз» болуда емес. Қазір көбінесе сериалдардан көз аша алмай жүрміз, оғанда шүкір деймін. Бірақ  үлкен кино болсын, спетакль болсын барлығы режиссерге байланысты, режиссер мықты болса ғана туынды сәтті шығады. Сондықтан кәсіби режиссердің қолына түсіп, тамаша сценарийде басты кейіпкерде рөл ойнап, халықтың көзіне көрінетін, ықыласына бөленетін киноға жолықпай жүрмін.  Негізі актердің бағын ашатын бір-ақ рөл ғой, сол рөлге ақырындап келе жатқан жайымыз бар. Болашақта ол рөлдің болатынына сенемін!

- Сонда әлі күнге дейін актерлік қырынызды лайықты дәрежеде көрсете алмай жүрмін деп ойлайсыз ба?

- Енді елу де елу.  Бұл жерде айтайын дегенім халық сені көрген кезде «мынау әлгі актер ғой» деп емес, «бұл Жұбанаев Нышанбек қой, мынадай кинода осындай бір керемет рөлде ойнап еді ғой» деп таныса деймін. Сенің ойнаған рөлінді, өнермен айналысқанынды халық көріп, актер ретінде тани білу керек.

- Неге әлеуметтік желілерді қолданбайсыз? Мәселен сізбен қатар әріптестеріңіз өздерін жарнамалау мақсатында желілерде көп отырады. Сонын арқасында танымалдылыққа ие болып жатады.

- Сол жарнамалау деген нәрсені енді қолға алатын сияқтымын. Өйткені сол нәрсені мен істей алмайды екенмін шынымды айтсам. Енді Алла бұйыртса көреміз, өзіме «Instagram» парақшасын ашамын, жалпы жарнамалау деген нәрсені енді жақсылап қолға аламын, өйткені өзіңді өзің жарнамаламасаң сені ешкім жарнамалайды.

- Қандай рөлдерге жақынсыз?

- Мен рөл тандамаймын. Егер, драматургия, сценарий мықты болып, рөлдің айтар ойы болатын болса, жақсы болсын, жаман болсын мен барлық рөлді сомдай аламын.  Кез келген актер негізінде рөлді бөлмеу керек.    «Батырға оңы не, солы не» дейді ғой, сондықтан кәсіби маманға тосқауыл жоқ.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638467-otandyq-zhas-akter-zhuldyz-bola-almay-zhu.html