RU

Оқу ақысына білім сапасы сай ма?

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық мемлекеттік университетінің ең жо­ғары ақысы – 505 мың, ал өткен жыл­ғысы 490 мың теңге болған. Қ­а­ра шаңырақ атанып кеткен білім ор­дасының 2009-10 жылдардағы тө­менгі бағасы болса, 310 мың теңгеге же­теғабыл.

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті 2010-2011 жылға оқу ақысын 569 мың теңге көтерген, өткен жылғысы 505 мың теңге шамасында. Есте­рі­ңіз­ге сала кетейік, аталған ЖОО-да бар­лық факультеттер үшін баға бір­дей.

Қазақ ұлттық қыздар педа­го­ги­ка­лық университетінің жоғарғысы 180 мың теңге болса, төменгі ақысы – 160 мың, өткен жылғымен салыс­тыр­ғанда 20 мыңға қымбат.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық университеті 2009-2010 жылдары 288-320 мың теңге ара­лығында болса, қазір 336- 464 мың теңгені құрап отыр.

ҚБТУ қазір 1 миллион 400 мың, ал төменгісі – 635 800, ең жоғарғы ақы­сы биыл өзгермепті, есесіне ең тө­менгі ақысы өткен жылы 562 500 тең­гені құраған.

Оқу ақысынан бө­лек ата-аналардың балаларының жү­ріп-тұруына да айтарлықтай шы­ғындануларына тура келеді.

Еліміздегі "көбейтуден басқасы адыра қал" принципіне беріктердің бірі – оқу ақысы. Онсыз да атынан ат үркетін оқу ақысы тұрақтана ма де­сек, жоқ, керісінше, кемерінен асып барады. Байқаймыз, бағаны тіз­гіндеуді ешкім қаламайтын да сы­ңайлы. Қайта еркіне жіберуге ләб­бай. Елдегі ЖОО-ларда білім алып жат­қандардың басым бөлігі қара­па­йым халықтың балалары екендігін ес­кер­сек, олар үшін қаржы мәселесі қан­шалықты қиындық туғызып жат­қан­дығы тек соларға аян. "Түйе сой­ған ешкі сойғаннан дәметіпті" деген осы.

Әйтпесе басқа – басқа, жастар­дың бі­лім алуына барынша мүмкіндік жасауға министрліктің өзі мүдделі болса игі еді. Елдегі білім саясаты құд­­ды бір негізгі міндетінен гөрі кіріс­ті көбірек ойлап кеткен сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, ақысына сай сту­денттер оқу барысы кезінде бар­лық керек-жарақпен қамтамасыз етіл­се мейлі дейсің ғой. Мәселен, оқу құралдары жеткілікті емес.

Сту­дент­тердің өздері оқып жатқан ЖОО-ның кітапханасынан алыстап, қа­ла­дағы кітапханаларды кезіп жүр­гендері. Дәл солай интернетпен де толық қамтамасыз етіп отырған жоқ.

Сол үшін қаладағы интернет клуб­тар­да отыруға мәжбүр болады. Тіпті білім сапасы да барған сайын кері ке­тіп барады. Сонда жарты миллион­ға жуық ақшаны ата-аналар не үшін төлейді? Шыны керек, өздері де білмейді.

ЖОО-лардың оқу ақыларының тым қымбаттығы, қарапайым ха­лық­тың қалта­сының көтере бер­мей­тіндігін жоғарыда келтірілген сандардың өзі-ақ айтып тұр. Ешкім­ге жасырын емес, елдегі жалақы мөлшері шамамен қазір 50-60 мың­ның үстінде. Егер балаңның жоғары білім ал­уын қаласаң, 10 ай бойы жалақы алмай­сың де­ген ­сөз. Бұл тек бір жылдың оқу ақысы ғана. Оны айта­сыз, кейбір ЖОО-лар оқу ақысын төлеудің уақытын тым шек­теп қойған. Талапты орын­дамасаң, жағдайың мүшкіл.

Бұлай жалғаса беретін болса, халық­тың арасынан баласын оқытуға мүмкіндігі барлар саны біртіндеп азая беретіні айтпа­са да түсінікті.

Бұл пікірімізді біз төмендегі деректердің көмегіне жүгініп айтып отыр­мыз.

2010 жылы 138 162 түлек мектеп бі­тір­се, оның 110 118-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген

2010 жылы 138 162 түлек мектеп бі­тір­се, оның 110 118-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Алайда Ұлттық бірыңғай тесті­леуге барлығы 107 543 оқушы қатысқан-ды. Демек, мектеп бітіріп шық­қан балалар­дың 30 мыңнан астамы ҰБТ-ға қатысқан жоқ. Оның себеп-салдары әртүрлі болуы мүмкін. Біздің ойымызша, басым бөлігінің кейбір ата-аналардың баласын оқытуға қаржы-қаражат тауып бере алмайтындығы себеп. Оған күмә­німізден сеніміміз басы­мы­рақ. Әйтпесе  мына нарық пен техноло­гия заманында кім білім алғысы келмесін, қай ата-ана баласына соны тілемесін. Әт­тең, қол қыс­қа...

Жоғарыда сөз болған 107 543 баланың грантқа ие болу бәйгесіне биыл 82 607-сі қатысқан. Ал 2010-11 оқу жылына 35 425 грант қарастырылған. Енді қараңыз, орта білім алып шыққан барлығы 138 162 баланың тек 35 425-інің бағы жанған. Рас, грант мөлшері аз да болса жылда көбейіп келеді.

Мәселен, 2005 жылы – 31 210, 2006 жылы – 32 490, 2007 жылы –    33 190, 2008 жылы – 33 490, 2009 жылы – 34 840. Бірақ білінер-білінбес. Ал бір көзін қысып қойып, гранттың 1000-ға көбейген­дігін айтқан­да, базбіреу­лер жұрттың көңілінен шықтық деп ойласа керек. Қай­дам, оған риза бол­ған жұртты көрсек, неғыл дейсіз.

Керісінше, мамандар таратқан мына ақпараттың кімге болса да ой салары анық, дәлірек айтсақ, студенттер саны жылдан- жылға азайып барады (кестені қараңыз).

Үшінші бір мәселе, білім саласындағы реформаға сәйкес, өткен жылдың наурыз айында Қазақстан "Болон" процесіне мүше атанды. Құзырлы министрлік "Болон" процесіне өту үдерісі 2015 жылға дейін толығымен аяқталады дейді. "Болон" процесінің толыққанды мүшесі болу үшін кез келген ЖОО ең алдымен ғылыми әлеуетін және заманауи материалдық-техникалық базасын қалыптастыруы тиіс. Ал бұған қыруар қаржы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлы хартияға қол қойған ЖОО-ға автономды даму құқығы берілмек.

Яғни бюджетті өзі бөлу, оқу бағдарламасын өзі таңдау сияқты басымдықтарға ие бол­мақ. Енді айрықша тоқталып айтпағымыз, хартияға мүше ЖОО-ны бітірген студенттің шетелде жұмыс істеуіне еш бөгет болмай­ды, еліміздегі білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі артады, маман дайындаудың үш циклы, яғни бакалавриат-магистратура-докторантура бойынша білім алудың мүмкіндігі тумақ. Бір сөзбен айтқанда, жаман емес.

Алайда мұндай артықшылық­тар оқу ақысының едәуір қымбаттауына негіз болады деген болжам бар. Иә, ойлау­дың өзі қорқынышты. Оның үстіне әлем сарапшыларының айтуынша, 2020 жыл­да­ры барлық мамандықтар бойынша міндетті түрде жоғары білімді болу талап етілмек.

Әңгімемізді түйіндей келе айтпағымыз, қазір тегін ештеңе жоқ, білім алғың келе ме, ақы төле. Ол – заңдылық. Алайда білім қол­же­тімді болуы керек.

Ілияс ИСАЕВ, экономист:

– Оқу ақысының көлемі қандай шығындармен есептелетінін нақты білмеймін. Бәлкім, мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық шығын, оқу процесіне қажет құрал-жабдықтар т.с.с шығар. Қалай дегенде де, біздің елде оқу ақысы қымбат. "Бағаны қымбаттату арқылы мұғалімдердің жалақысын көтереміз" дейді. Бәрі – бос сөз. Мен сияқты лекция оқып жүргендердің еңбекақылары мардымсыз. Есесіне ЖОО басшылығының жалақылары жылда көбейіп отырады. Сіздерге өтірік, маған шын, олардың көпшілігі миллионға жуық ақша алады. Алайда олардың лекция оқып, студенттерге білім беруде тер төгіп жатқандары шамалы. Осындай әділетсіздіктер мұғалімдердің көңіл күйлеріне әсер етпей қоймайды. Бұл білім сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Міне, оқуға ынтасы жоқ студенттер қайдан шығады?

Жолдасбек МӘМБЕТОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы:

– Егер халықтың тұрмыстық әл-ауқатын ескеретін болсақ, елдегі оқу ақысы қымбат. Бағаны жылда өсіріп, "мұғалімдердің жалақысын көтереміз" дейді, алайда ЖОО мұғалімдері оны еш сезініп отырған жоқ. Сонда сол қомақты қаржы қайда кетіп жатыр, ұғып болмайсың. Қазір  елде жаңа мектептер көптеп салынуда. Бәлкім, қаржы сол жаққа құйылып жатқан болар. Алайда бір отбасының қыруар шығынға батып, баласын оқытамын деп ақ тер, көк тер болғанын ешкім қаламас.

Мен былай дер едім, қарапайым халық баласын ЖОО-ларда оқытуға қиынсынады екен, ондай болса, оқытпай-ақ қойсын, елге қара жұмыс күші де керек шығар. Бәрібір көпшілік балалар ертеңгі күні алған білімі бойынша жұмыс істемейді. Дипломы босқа жатады. Онда несіне сонша шашылады? Мәселен, бір топта 20-25 студент болса, соның тек бесеуінің ғана қабілеті бар. Сондықтан да керек мамандар санын ғана дайындау керек шығар.

 

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/163855-oku-akysyna-bilim-sapasy-saj-ma.html