RU

Алматылық жігіт өзін тақырға отырғызған "чайка" бойжеткеннен сақ болуға шақырды

Алматылық жігіт алаяқ бойжеткеннің арбауына түсіп, барынан айрылған соң ағынан жарылды деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.  Редакциямызға хат жолдаған азамат басынан өткен оқиғаның өзге жігіттерге сабақ болар деген ниетпен жариялау керектігін айтты.

«Осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы беделді банктің бірінде бөлім басшысы болып қызмет ақтардым. Астымда қымбат көлік, басымда үй, қомақты жалақымен өмір сүріп жаттым. Бір күні ата-анам үйлен деп қолқа салған соң 2013 жылдың күзінде ойын-сауық орталығында жасы 20-дан енді асқан сұлу қызбен танысып ғашық болып қалдым. Алғашында хат арқылы сөйлесіп, кейін қыз бен жігіт болып араласа бастадық», - дейді Абай есімді жігіт.

Ер жігіт басын айналдырған бойжеткенге ессіз ғашық болғанын жасырмайды. Тіпті бар табысын сұлу сүйіктісін қуанту үшін мейрамхана мен қымбат сыйлықтарға ғана жұмсапты.

Тағы оқыңыздар: Ішімдікке тойып алған шымкенттік келіншек жеті айлық баласын жоғалтып алған

Жалақысы жоғары қызметте отырған жігіт бойжеткенмен жүрем деп жұмысынан қуылып, әке-шешесінен ұрыс естіп, тіпті жан бағу үшін көлігін де сатып жіберген. Осы кезде алматылық ару ақшасыз қалған жігіттен бір күнде бас тартады.

«Қыдыруға апармасам, қымбат сыйлық әкелмесем ол менің қоңырауыма да жауап бермейтін. Тіпті бір апта ішінде менен қашатын болды. Қатты жақсы көргендіктен артынан қалмай біраз жүрдім де. Сөйтсем ол менің тақыр кедей болғанымды біле сала өзіне жаңа көңілдес тауып алыпты. Кейін сұрастыра жүріп бұл бойжеткен жалғыз емес екенін білдім. Оның туған әпкелері мен бірнеше құрбысы дәл осындай жоспармен жан бағып, қалталы жігіттердің арқасында шалқып жүретін «чайкалар» екен. Тіпті, араларында бір-екі қыз жасы үлкен, қызметі мықты "ағашкалардың" басын айналдырып үлгерген. Олардан опық жеген мен ғана емес. "Чайка қыздар" құрбандарының бар қаржысын сыпырып алып, тайып отыратынын мен сияқты алданған екі-үш жігіт өз ауыздарымен айтып берді», - деп күрсінді 28 жастағы қала тұрғыны.

Абай бұрынғы сүйіктісінің бар былығын білген соң басқа аруға үйленіп, қазір бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты әке екенін айтты.  Тіпті ол басына өткен жағдайын өзі секілді сұлулардың көркіне сеніп, шашылып жүрген жігіттер сабақ ретінде қабылдап, алданбаса екен деген ниетін де жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638563-almatylyq-zhigit-ozin-taqyrgha-otyrghyz.html