RU

ОҚО полицейі алған жарақатына қарамастан қылмыстық топтың серкесін ұстады

Оңтүстікқазақстандық полицей өз өмірін қатерге тіге отырып төрт айдан бері іздеуде жүрген қылмыстық топ жетекшісін құрықтады, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Іздеуде жүрген азаматты қолға түсіру операциясы оңайға соқпады. Қаруланған қылмыскер полицейлерге барынша қарсылық танытып, тіпті бірін тапаншамен атқан.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта, 2014 және 2017 жылдар аралығында Кентау полиция бөліміне жергілікті тұрғындардан арыздар келіп түскені жазылған. Шағымданушылар арыздарында ұрлыққа түскендердің үйлеріне кіріп, алтын бұйымдары мен бағалы заттарын ұрлап кеткенін көрсеткен. Ал жеке үйлердің мал қорасынан малдарын ұрлап кетіп отырған. 2017 жылдың наурыз айында қалалық полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сегіз күдікті азаматты ұстады, олар 1993, 1994, 1995, 1996 жылы туылған жергілікті жердің тұрғындары.

Тағы оқыңыздар: Қарағандыда көк тайғақтың кесірінен 30-ға жуық жол апаты болды (видео)

Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы 1993 жылы туылған Елемес Сәбит сол кезде қашып кеткен болатын. Жедел ізкесушілер күдіктілерден ұрланған заттардың бір бөлігін тәркілеп алды. Олардың пәтер ұрлығының 24 жайтына қатыстылығы анықталды. Бұл қылмыстық топтың жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі миллион теңгеге жуық болып отыр. Маусым айында Елеместің қылмыстық тобының барлық мүшелерін әртүрлі жазаға тартылды. Ал топ жетекшсіне Кентау ҚІІБ-нің қызметкерлері іздеу жариялады.

Арада төрт ай өткен соң жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ҚІІБ Криминалды полиция қызметкерлері іздеуде жүрген Елеместі Алматы қаласынан ұстады. Операция барысында іздеуде жүрген азамат полицейлерге белсенді түрде қарсылық білдіріп, тәртіп сақшыларына екі рет травматикалық қарудан оқ атқан.

27 жастағы полиция капитаны Анарбаев алған жарақатына қарамастан, қылмыскердің қолына кісен салды. Құрықталған азамат Алматы қалалық ІІД уақытша ұстау изоляторында қамауда. Аталған жайт бойынша Қылмыстық топтың 287 «Заңсыз қаруды иемдену, сақтау және тасымалдау», 293 «Бұзақылық», 380 «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» баптары бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638688-oqo-policeyi-alghan-zharaqatyna-qarama.html