RU

Шымкент халқы ұшақ апатынан қаза болған дәрігер Талғат Патсаевпен қоштасты (фото)

Шымкентте Талғат Патсаевтың ата-анасының үйіне оның мәйіті жеткізіліп, жүздеген адам жиналды. Қалың жұрт ұшақ апатынан қаза болған дәрігермен қоштасу үшін арнайы келді деп хабарлайды NUR.KZ.

«Ол қаншама аяғы ауыр келіншекке көмектесті. Оның мезгілсіз қазасы біздің бүкіл медицинаға ауыр тиді", - дейді гинекология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Тәжібаев.

Талғат Патсаев Шымкентте туып-өскен. Мансап жолын да осы қалада бастаған.

Тағы оқыңыздар: Таяғы есікке ілініп қалған "Барыс" ойыншысы оңбай құлады (видео)

"Ол керемет дәрігер еді. Көмек керек болса, қашан да қол ұшын созуға дайын тұратын. Жас әріптестеріне ақыл-кеңесін беруден де аянбайтын", - дейді облыстық емхананың бас дәрігері Дулат Үдербаев.

Талғаттың қайғыдан қара жамылған отбасына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та келіп, көңіл айтты.

«Дәрігерлер қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмды. Олардың адам өмірін құтқарудағы ерен еңбектері тұрғындардың жүрегінде мәңгілікке сақталып қалады. Талғат Патсаев біздің жерлесіміз болды. Ол 20 жылдық еңбек жолында талай ананың өмірін құтқарған", - дейді әкім.

Түймебаев қаза болған өзге дәрігерлердің отбасыларына да көңіл айтты.

Еске салсақ, 3 қазан күні Алматы облысында ұшақ құлап, салдарынан бес адам қаза болған. Ұшақ ауыр халде жатқан жүкті әйелге медициналық көмек көрсету мақсатында әуеге көтерілген еді.

Тағы оқыңыздар: 10 сотық жер үшін миллион қазақ кезекте тұр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1638727-shymkent-khalqy-ushaq-apatynan-qaza-bolgh.html