RU

Алматылық көкек ана жаңа туған сәбиін сөмкеге салып, көшеге тастап кеткен (фото)

Алматыда тағы бір шақалақ туа сала «тастанды» атанды деп хабарлайды patrul.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Алатау ауданының тұрғындары Черемушка көшесінің бойында жыбырлап жатқан қара сөмкені көріп, полиция мен жедел жәрдем шақыртқан. Алғашында олар сөмке ішінде күшік немесе мысық шығар деп ойлапты. Қалың көрпені ашып қалғанда, шырылдап жылаған нәресте тұрғындарды қатты састырған екен.

«Жедел жәрдем қызметкерлері тастанды баланы қалалық жұқпалы аурулар бойынша балалар емханасына әкелді. Қыз бала осыдан бес-алты күн бұрын ғана өмірге келген. Нәрестенің жағдайы жақсы, толық тексеруден өткізілді», - дейді бөлім меңгерушісі Ляззат Есқалиева.

Тағы оқыңыздар: Орамал дауы: Атырауда оранып жүрген оқушылардың ата-анасы шу шығарды

Дәрігерлердің айтуынша, қыз баланы анасы стационарлық жағдайда босанған. Аман-есен дүниеге келген сәбиге дәрігерлер «Жеңіс» деген есім беріпті. Тіпті, ақ халаттылар анасы бас тартқан баланы бауырларына басып, аз уақыттың ішінде туу туралы куәлігін жасатып үлгерген.

Алайда нәрестені тоғыз ай көтерген көкек ана баласын бір рет те іздеп келмепті.

«Баласын көшеге тастап кеткен анаға іздеу салдық. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 119 бабы (қауіпті жерде қалдыру) бойынша іс қозғалып, тергелуде. Сонымен қатар, балақайдың туыстарын да іздеп жатырмыз», - деді ІІД қызметкері Лейла Әліпбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1639236-almatylyq-kokek-ana-zhanha-tughan-sabiin.html