RU

Атыраулық полиция бір ай бойы іздеген өзбекстандық баланың неден өлгені белгілі болды

Өзбекстандық 15 жасар Асылбек Хамроевтың мәйітін атыраулық полицейлер 5 қазан күні таптық деп хабарлаған еді. Анығында мигранттың жансыз денесін бірінші болып ауылдық қойшының иті тапқан деп хабарлайды «NUR.KZ» порталының тілшісі.

«Баламның мәйітін Жылой ауданының Руслан есімді қойшысы тауып алған.

Таңертең қой бағып жүргенде иті қайта-қайта «Фонтан» дейтін бұлақ жаққа қарай жүрігіп, үре беріпті. Ол қойдың бірі қалып қалды ма деп қараса, теріс қарап жатқан адамның мүрдесін көріп полиция шақыртқан.

Ұлыма сараптама жасағандар ол өз өлімімен өлді деп айтты. Дәрігерлер баламның денесінде зорлық белгісі жоқ, сүйектері сау деп отыр. Өз еркімен өлсе қалтасындағы ұялы телефоны қайда? Неге аяқ киімі мен бұтындағы шалбары 200 метр жерде жатыр?

Еш уақытта денсаулығына шағымданбаған еді. Осының бәрі маған жұмбақ болып тұр», - деп жылады Асылбектың анасы Умида Хамроева.

Тағы оқыңыздар: Ақтөбеде екі жасар баласын құтырған иттен құтқарамын деген азамат мерт болды

Жеткіншек шөлдеп өлген немесе басынан күн өткен

Асылбек Хамроев анасы Умидамен бірге Өзбекстаннан келіп атыраулық Амантай Жолаев есімді фермердің қолында жалданып жұмыс жасаған. Анасы ас үйдің шаруасына қолқабыс етсе, жеткіншек ұсақ малға қарасыпты.

Умида - күйеуі ерте қайтыс болған жесір әйел. Бір ұлы Бұқарада қалған соң қыркүйек айында Өзбекстанға кетіп, Асылбекті қожайынына табыстаған. Алайда, Асылбек екінші қыркүйек күні үйден шығып кетіп оралмапты.

«Асылбек «ішім пысты Құлсарыға барып қыдырып қайтамын» деп киімін жинап жатқанын ағам Амантай көріп рұқсатын бермеген. Сөмкемен кете алмайтынын түсінген ол «қойшыға су апарып бере қояйын» деп үйдегілерді алдап шығып кетеді. Жол бойында баланы соңғы рет Бекболат есімді қойшы көрген. Оған да Асылбек "Құлсарыға қыдыруға кетіп барамын" депті.

Жеткіншектің мәйіті фермадан сегіз шақырым жерден табылды. Оны тапқан кезде екі қолы екі жаққа созылып, етпетімен жатқан. Сарапшылар бала шөлдеп, сосын басынан күн өткеннен өлген дейді. Бірақ бұл нақты емес. Себебі ол адасып кеткен ғой, түнде қорқып жүрегіне әсер еткен шығар»,- дейді фермердің інісі Асылан Жолаев.

Тағы оқыңыздар: Қарағандыда үш жасар немересін пышақтап өлтірген ауыл тұрғыны ұсталды

Анасының сөзінше, Асылбек осыдан бір айға жуық бұрын көз жұмған. Осынша уақыт ішінде мүрденің толық суы ағып, адам танымастай өзгеріпті.

Жесір әйел ұлын киімдеріне қарап танығанын айтады. Бүгінде жалғызбасты ана Асылбектің денесін мәйітханадан алып, Өзбекстанға жерлеуге жолға шықты. Тұңғышын жер қойнына беру үшін ферма қожайыны 150 мың теңге қаржылай көмек бергенін айтты.

Аталған қайғылы оқиғаны Атырау облысының прокуроры өз қадағалауына алған.

«Асылбек 2 қыркүейек күні жоғалғанымен анасы жергілікті полицияға 12 қыркүйек күні арыз түсірген. Осы уақытқа дейін Умида Хмароева баласы оралып қалар деген үмітте болған. Қазір аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып және барлық сараптама тағайындалды. Баланың мәйіті Жылой ауданындағы каналдан 4-5 шақырым жерден табылды. Қазір полицейлер жан-жақты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - деді облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов.

Естеріңізге сала кетсек, бұл оқиға қатысты Өзбекстанның елшілігі мен Бас прокуратурасы да Қазақстанға арнайы хат жолдап, баланы ертерек табуға қолқабыс етуін өтінген еді.

Тағы бір айта кетерлігі, Умида Хамроева ұлын жерлеген соң Қазақстанға келіп, әділдік іздейтінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1639816-atyraulyq-policiya-bir-ay-boyy-izdegen.html