RU

Назарбаевтан арманының орындалатынын естіген балақай мәз-мейрам болып қалды (фото)

5-ші қазан күні елбасымен кездескен аралдық оқушы Нұрсұлтан Жақсыкелдиевтің қуанышында шек жоқ. Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі «Нұрсұлтан ата арманымның орындалатынын айтты» деп мәз болып жүрген жеті жастағы баланың әсерімен бөлісті.

Айта кетейік, бейсенбі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне келгенде қызылордалық жастармен жүздескен болатын. Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды.

Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді. Солардың ішінде аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев те бар. Ол екінші сыныпта оқиды.

Кішкентай Нұрсұлтан мемлекет басшысына:

«Нұрсұлтан ата, мен сіз сияқты президент немесе ғарышкер болғым келеді. Өйткені президенттің өзінің ұшағы бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды ұшаққа мінгізгім келеді. Әсіресе, сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды», – деп балалық арманын айтты.

Бала Нұрсұлтанның алғырлығына риза болған елбасы оған:

«Президентің алдыңда тұр! Космодромың міне тұр! Сенде бәрі бар! Бақытты бол!» – деп батасын берді.

Тағы оқыңыздар: Америкада алапат дауыл жиырмадан астам адамның өмірін жалмады

Президент кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынын жеткізді.

Қызылорда қаласына кішкентай Нұрсұлтанды елбасымен кездестіруге анасы ертіп әкеліпті. Арал қаласындағы №64 орта мектепте инженер болып жұмыс істейтін Гүлзат Бөріқұлова баласы осы кездесуді көптен бері армандап жүргенін жеткізді.

«Елбасын суреттен, теледидардан көріп жүр едім, бетпе-бет көргенде қуанып кеттім. Нұрсұлтан ата менің тілегімді, арманымды орындаймын деді. Енді менің арманым орындалады. Бірақ мен оның үмітін ақтаймын. Сабағымды жақсы оқимын. Тәртіпті боламын. Сосын Нұрсұлтан атадай азамат боламын», – дейді кішкентай Нұрсұлтан.

Сонымен, Арал қаласындағы кішкентай Нұрсұлтан көп ұзамай көкте самғаған ұшаққа да мінеді, армандаған ару Астанасын да көреді. Қиялына қанат біткен баланың жарқын болашағы бүгіннен басталуда...

Ибраш Әли.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1640302-nazarbaevtynh-ozinen-armanynynh-orynd.html