RU

Ақтөбелік шенеунік Сапарбаевтың тапсырмасында шаруасының жоқтығын айтты

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы су қоймаларын аралады. Әкім жауапты мамандарға алдағы көктемге дайындықты және халықтың игілігі үшін бар суды пайдалануды тапсырды деп хабарлайды NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі.

«Қаншама көл бар, балық бар. Пайдалану керек «жасап жатырмын» деген болмайды. Жылдан жылға қанша балық ауланады? Бұл су қоймасы бізге не үшін керек? Пайдаланып жатырмыз ба? Малға қанша су керек? Адамға, егінге қанша? Есеп болу керек емес пе?»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Тағы оқыңыздар: ОҚО-да белді шенеунік 2,1 млн теңге пара алып жатқан жерінен ұсталды (видео)

Облыстағы суға жауапты басқарма басшыларын жинаған әкім табиғатты қоғаушыларға да сергек жұмыс жасау керектігін ескертті.

«Бұл жағдайдың барлығы ертеңгі көктемге дайындық. Біз қажетті суды алып қалуға қазірден қамдануымыз керек. Биылдағыдай жағдайға жол бермеуге тиіспіз. Тапсырма берілді, жауапты мамандармен жасалатын жұмыстарды тағы да бірге отырып қарау керек. Сонымен қатар, біз өңірде балық шаруашылығын дамытуға тиіспіз. Нұрландар ( Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Аққұл-ред.) жұмыс жасау керек. Су да сенің қарамағыңда, жер де сенің қарамағыңда, орман да сенің қарамағыңда. Қанша су керек, оны қалай пайдалану керек дегенді Нұрланның өзі білмей тұр»,-деп облыс әкімі табиғатты қорғау басқармасының басшысына ескерту жасады.

Әкім тапсырма беріп кеткен шенеунік Сапарбаев көлікке мініп кеткенде ондай жұмыста шаруасының жоқтығын және өзінің бәрін білетінін кесіп айтты.

«Білемін мен, неге білмейді екем? Судың қажеттілігін қарау менің міндетім емес, менің міндетім-табиғатты қорғау. Қажеттілікке ауыл шаруашылығының не істейтінін мен қайдан білемін? Менің онда шаруам жоқ»,-деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Аққұл.

Еске салсақ, 6-шы қазан күні Ақтөбе облысының әкімі су қоймаларын аралап, жауапты мамандарды қатаң сынға алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1640671-saparbaevtynh-sozine-pysqyrmaghan-aqt.html