RU

Алматылық әже түнгі клуб жағалап, көңілдеске баратын құрбыларына күйінді

Алматылық 57 жастағы әже немере сүйіп отырған шақта әлі де буы басылмаған құрбыларының қылығына наразы болды. Оның айтуынша, елуден асқанда келін-немерелерін үйіне тастап, түнгі клуб жағалап кететін құрбылары өздерінің ел анасы атанатын жасқа келгенін ұмытып қалған.

NUR.KZ порталына арнайы хабарласқан бес баланың әжесі қазақ әйелдерінің жыл өткен сайын өзгеріп бара жатқанына наразы болды.

"Кезінде 40-тан асқан аналарымыз біз үшін кейуанадай болатын. Бір артық мінезі жоқ, сабырлы, салмақты, басынан орамалын тастамайтын.

Заман өзгерді, заманауи болдық дейміз, бәрі жақсы, ешкім бұрынғыдай кір жуып, сиыр саумайды. Бірақ көптеген құрбыларымның қылығын көріп, жағамды ұстап жатырмын", - дейді Гүлнәр есімді әжей.

Тағы оқыңыздар: Төреғали Төреәлі "Қайратпен жарысып, әйелін көрсетуде"деп сынағандарға жауап берді

"Құрбым бар, өмір бойы отбасымызбен араластық, немерелеріміз бар. Сол жуырда маған жан сырын ақтарды. Бұрын, жас кезінде жақсы көрген жігітін кездестіріпті. Бірнеше рет қонақүйде кездесіпті. Ол басқа қалада тұрады. Енді ол арнайы жұмыспен барам деп бір аптаға Қарағандыға соған барып келмекші. Бар ақылымды айттым. Бірақ көнбей отыр. Үйдегі шалының ойында түк жоқ немерелерін бағып қалатын болыпты. Мұнысына қатты көңілім құлазыды", - дейді ол.

Сонымен бірге, ол өзінің екінші бір құрбысының да осындай шырғалаңға тап болғанын айтты.

"Құрбыларым айына бір рет үйдің тірлігінен шаршадық деп кафеге, артынша түнгі клубқа барып, демалады Бір рет қоймай мені де алып барды. Ондай басқосулар жақсы, әрине, шер тарқатып, әңгіме айтып қайтамыз. Қарсы емеспін. Бірақ олар ішіп, ортаға шығып алып билеп, жастардан да ұялмайтын болды. Тура сөйтіп жүрген жерінде балалары көріп қалса, қайтпек?!

Бір құрбым тіпті бір өзінен жас көңілдес тауып алыпты. Бір-бірін үгіттеп отырады. Айтқан әңгімелерінен жиіркеніп кетіп, олармен қосылмайтын болдым. 30 жыл бірге тұрған күйеуімнен ұяламын. Қартайғанда түнгі клуб жағалап, қадірді кетіргенше, осы күнім артық", - дейді күйінген Гүлнар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1641048-50-den-keyingi-omir-almatylyq-azhe-tungi.html