RU

Алматы облысында 200 мың теңге үшін қария мен оның жұбайын өлтіріп кетті

Алматы облысы Райымбек ауданы Қақпақ ауылында 2012 жылы Қытайдан келген отбасының үйіне қарақшылық шабуыл жасалып, нәтижесінде үй иелері ауыр пышақ жарақатынан көз жұмған деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Аталған қылмыс жайлы ауыл тұрғындары хабарлап, арада бес жыл өтсе де қылмыскердің ұсталмағанын айтып күйінді.

«Қытайдан келген жақсы отбасы еді. Шабуыл жасалатын күні қарыздарын төлеу үшін 200 мың теңгеге мал сатқан екен. Үйлеріне қарақшылар басып кіріп, «ақша қайда?» деп  ата мен әжені әбден азаптаған. Ал, жалғыз ұлдары досының үйіне қонаққа кетіпті. Ештеңе таппаған соң кейуанаға 20 жерден пышақ салып, қарияның да бірнеше жерін суық қарумен жарақаттаған. Сол түні кемпір қайтыс болып, шал аудандық ауруханада бір ай жатты. Беті бері қарамаған соң «Қытайға барып емделемін» деп сол жақтағы ауруханада көз жұмды. Ал, жалғыз ұлдары болса әділдікке жете алмай, оның үстіне қарақшыдан қорқып, Қытайға қайта кетіп қалды», - деп күйінді атын айтудан бас тартқан ауыл тұрғыны.

Жергілікті жұрттың сөзінше, қанды қылмысты ашуға тәртіп сақшылары аса белсенділік танытпаған. Тіпті, тергеу ісі де дұрыс жүрмепті.

Тағы оқыңыздар: Ішімдікке сылқия тойып алған келіншек полицейдің бетін тырнап, погонын жұлып алды

«Ауылда небары жүз шақты отбасы бар. Жұмысына адал полиция қарақшыны бір күнде тауып алмай ма? Кемпір мен шалды өлтірген күдікті алыстан келген жоқ. Олардың мал сатқанын аз ғана адам білген. Осы қайғылы жағдайдан соң ауылдағы көп отбасы қорқып, Алматы маңына қарай көшіп жатыр», - деп күрсінді ауыл тұрғындары.

Аталған оқиға жайлы Алматы облысы ішкі істер департаментіне NUR.KZ порталы арнайы сауалнама жолдап, анығын білмек болған еді. Алайда баспасөз қызметі тілдей қағазға «аталған оқиға бойынша 2012 жылы 8 қарашада қылмыстық кодекстің 179 бабы, үшінші тармағына сәйкес іс қозғалған. Қазіргі кезде қылмыстық істі ашуға бағытталған іздестіру шаралары жалғасуда» деп қысқа қайырыпты.

Ал, ауыл жұрты болса бес жыл бойы сағызша созылған тергеуден нәтиже болатынына сеніңкіремейді. Себебі, ауыл жұртының басым көпшілігі туған жерін тастап көшіп кетсе, осы іске куәгер болғанның біразы о дүниелік болыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1641239-almaty-oblysynda-200-mynh-tenhge-ushin-qari.html