RU

«Асыл арна» бір күндік жалақысын қайырымдылыққа аударды

«Асыл арна» телерадиокомпаниясының қызметкерлері бір күндік жалақысын «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорына» аударды.

Естеріңізде болса, «Уақып» қайырымдылық қоры Қазақстан президентінің тапсырмасымен әртүрлі әлеуметтік жобаларды қолдауды жүзеге асыру үшін құрылған болатын. Оның қызметі - коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде сауапты амалдарды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, елге пайдалы игі шараларға көмек көрсетуге, сонымен қатар, көмекке зәру, мейірімге мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуге бағытталады.

«Уақып» қорына алғашқы қаржылай көмекті Қазақстан Тұңғыш президент қоры жасаса, Дін және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мырза да өз тарапынан осы қорға бір айлық жалақысын құйып, көпке үлгі көрсеткені белгілі. Осы өнегелі істің ізімен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек бастаған «Асыл арна» телерадиокомпаниясының қызметкерлері де өзінің бір күндік айлығын «Уақып» корпоративтік қорына қаржылай көмек ретінде аударды.

"Мемлекет мүддесін көздеген игі бастамаға қолдау көрсету - әрбір азаматтың міндеті әрі әртүрлі әлеуметтік жобалардың іске асуына жасалған үлкен мүмкіндік. «Асыл арна» телеарнасы да осы игілікті іске өз үлесін қосуға асығып, жақсы әрекетті алғашқылардың бірі болып жасауға тырысты. Бір жағынан, ізгі іске өз үлгісімен құлшындырған министр Нұрлан Ермекбаев мырзаның амалы да біздің бұл қадамымызға түрткі болды", - дейді «Асыл арна» телерадиокомпаниясының басшысы Мұхамеджан Тазабек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1641763-asyl-arna-bir-kundik-zhalaqysyn-qayy.html