RU

Алматыда ұстазын тонап кеткен студенттер сот үкімін естігенде жылап жіберді

Алматыда профессордың үйін тонап, соққыға жыққан бес жігіт түрмеге қамалды. Соттың шешімімен олардың үшеуі - 11 жылға, біреуі - 10, енді бірі - 13 жылға бас бостандықтарынан айырылды деп хабарлайды Алматы арнасы.

Алайда, қылмыскерлердің жақындары қазының бұл үкімімен келіспеді. Олар қайтара аппеляциялық шағым түсіруге дайын отыр.

Бес жігіттің ең кішісі 20 жаста болса, ал үлкені 23-те. Олар соттың үкімін көздеріне жас алып тыңдады. Профессордың үйіне топтасып ұрлыққа түскендердің үшеуі 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Ұрланған ақының біраз бөлігін қайтарған Мадияр Алтынбеков 10 жылға сотталды. Ал Данияр Әбдіқанов осы қылмысты жасамас бұрын, басқа "тонау" дерегі бойынша артылған жазасы бар екендігі ескерілді. Ол енді өмірінің 13 жылын темір торда өткізетін болды.

Сотталғандар үйден үптеп кеткен 23 млн теңгеден астам ақшаны енді бірігіп төлейді. Өйткені, оны олар теңдей бөліскен. Одан бөлек, моральдық шығын есебінде сот жәбірленушіге әрқайсысынан 500 мың теңгеден өндіріп бермек.

Мұндай шешімге профессор Ағыбай Смағұлов пен оның жары қанағаттанды. Айтуларынша, бұл ақшаны олар әупірімдеп, 34 жастағы зағип ұлын емдетуге жинапты. Сондықтан, жаза әділ берілді дейді.

Ал профессордың үйін тонаған бес жігіттің ата-анасы - ауыр жаза тағайындалды деп отыр. Өйткені, олар жәбірленушіге тек орташа деңгейде жарақат келтірді дейді. Ұрланған ақшаны да толықтай қайтарудан да қашпадық дегенді алға тартады. Айтуларынша, осыған дейін Ағыбай Смағұловтың алдынан өтіп, жағдайларын түсіндірген. Тек профессор, шатақ шығарған ұлдарымызға кешірім бермеді дейді. Оған қоса, істе тағы бір адамның да жауап беруі керек деп отыр.

«11 жыл деген сұмдық қой енді. Не деймін енді. Балаларды босатсын деймін. Кешірім сұрап бардық қой біз енді. Адам өлсе де кешірім беріп жатыр ғой. Өлген жоқ қой ешкім. Бәрі сап-сау. Ақшаны қайтарамыз дедік. Оған да келіспей қойды. Әрине ауыр»,- деді сотталушының туысы, Гүлмира Қыстаубаева.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1642125-almatyda-ustazyn-tonap-ketken-studen.html