RU

Премьер-министр: Бозымбаевқа сөгiс жариялау туралы мемлекет басшысына өтiнiш жасаймын

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздегі бензин тапшылығына қатысты жағдайға жауапты бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босатып, сөгіс жариялады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бақытжан Сағынтаев ең алдымен елдегі бензин тапшылығына қатысты жағдай бойынша негізгі баяндамашыларды тыңдады. Бірақ үкімет басшысының олардың жауабына көңілі толмады.

"Бітпейтін сылтаулар. Мен мұнымен келіспеймін. Бұл жағдайды тікелей өз лауазымдық міндеттеріңді орындамау деп есептеймін. Жауапкершілік болу керек. Сондықтан мен келесідей шешім қабылдаймын. Үкімет мүшелеріне қатысты әкімшілік жауаптылық жөнінде шешімді президент қабылдайтындықтан, мен мемлекет басшысының атына Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы  ұсыныс енгіземін", — деді Сағынтаев.

Үкімет басшысының келесі шешімі Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатысты болды.

Тағы оқыңыздар: Бензин тапшылығына байланысты "ҚазМұнайГаз" вице-президенті қызметінен босатылды

"Вице-министрлерге қатысты шешімді мен өзім қабылдаймын. Сондықтан Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты қызметінен босату туралы шешім қабылдаймын. Кеңсе бүгін тиісті үкімет шешімін дайындасын", — деді премьер.

Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев "Самұрық-Қазына" басшысы Өмірзақ Шөкеевке өз міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа сөгіс жариялап, оның орынбасары Данияр Берлібаевтың өкілеттігін тоқтатуды тапсырды.

"Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының көктемнен күзге шегеріліп жатқаны мамыр айында белгілі болды. Бірінен соң бірі екі зауыт тоқтайтынын бәріңіз білдіңіздер. Сондықтан күні бұрын ахуалды таразылып, қай өңірге, қанша, қайдан жанармай жеткізуді есептеуге болар еді. Енді келіп бұл жұмыспен қыркүйекте айналысып жатырсыздар. Жоқ жерден дүрлігу тудырып отырсыздар", — деді премьер Сағынтаев.

Үкімет басшысы барлық министрге өз саласындағы жағдай үшін дербес жауап беретінін еске салып өтті.

"Сіздерге барлық қажетті өкілеттіктер мен мүмкіндіктер беріліп отыр. Жауапкершілікті басқаларға итере салу деген болмайды. Өздеріңіз жауап бересіздер", — деді Сағынтаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1642518-premer-ministr-bozymbaevqa-sogis-zhar.html