RU

Сағынтаев Қарағанды облысының әкіміне: Өңірдегі көмір мәселесіне халық кінәлі ме?

Бүгін үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірде көмірге не себепті ұзын сонар кезектің пайда болғанын премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Қарағанды облысындағы көмір мәселесіне тоқталайық. Өңір көмірге бай. Бірақ көмір үшін ұзын сонар кезек тұр. Ерлан Жақанұлы, не болды?», - деді үкімет басшысы.

«Әлеуметтік объектілерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша облыста проблема жоқ. Көмір толық көлемде әкелінді. Бірақ халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша дүрбелең сақталып отыр. Осы жылдарға дейін облыс тұрғындары қазан айында сатып алатын. Бірақ биыл жылыту маусымы 27-қыркүйекте басталды», - деді Қарағанды облысының әкімі.

Алайда оның сөзін үкімет басшысы бөлді.

«Ерлан Жақанұлы, сіздің пікіріңізше халық кінәлі ме? Олар бұрын қазанда алатын. Ал биыл қыркүйектен бастап, көмір сатып ала бастаған. Солай болып тұр ма?», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов аталған мәселенің неден туындағанын айтып, ақталуға тырысты.

Тағы оқыңыздар: Премьер-министр: Бозымбаевқа сөгiс жариялау туралы мемлекет басшысына өтiнiш жасаймын

«Өңірдегі ауа температурасының бірден төмендеп кетуі салдарынан көмірге қатысты дүрбелең басталды. Бақытжан Әбдірұлы, алдын ала халық көмірді сатып алмайды. Себебі, онда көмірдің сапасы төмендейді. Сонымен қатар көмір өз-өзінен жатуы мүмкін. Біз тиісті сараптама жүргіздік. Жыл сайын қазан айында көмірді сатып алатынбыз. Осы жылы 27 қыркүйекте жылыту маусымы басталды. Бірақ көмірді өндіру бойынша проблема жоқ. Ағымдағы жылдың 9 айында 22 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 млн тоннаға артық», - деді ол.

Осы орайда өңір басшысы аталған мәселені шешу үшін тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын алға тартты.

«Көмірге деген сұраныстың артуына байланысты қосымша шаралар қолға алынды. Шұбаркөл көмірін арту бойынша тәулік бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыс басқа разъездерге де байланысты. Сонымен қатар көмірге деген кезектің 50 пайызы көрші облыстардан келіп отыр. Осы аптаның ішінде біз көмірге қатысты дүрбелеңді басуды жоспарлап отырмыз. Жағдайды қолға аламыз», - деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Үкімет басшысы оған көмір мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Ерлан Жақанұлы, жылыту маусымы енді басталды. Ал сіздерде проблема басталып жатыр. Бұл мәселені бақылауға алыңыздар», - деді премьер-министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1642571-saghyntaev-qaraghandy-oblysynynh-akimi.html