RU

Алматыда бензинмен бірге азық-түліктің бағасы да шарықтап кетті (фото)

Соңғы күндері елімізде доллар бағамымен қатар бензиннің де құны көтеріліп жатыр. Тұрақсыз баға ең бірінші азық-түлік бағасының өсуіне әсерін тигізуде деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Халық жиі тұтынатын тағамдардың құнын білу үшін журналистер шаһардағы көне базардың біріне бас сұғып, жасырын түсірілім жасап қайтты. Көтерме саудада тауардың қымбат келуі саудагерлерді де әбден әуре сарсаңға салған.

Ең бірінше еттің бағасы көтерілген.

«Жазда жылқының жамбас еттерінің келісін 1800 теңгеден сатқанбыз. Қазір 2800 теңге. Мойын, жіліктің басы сынды мүшелерінің 1 келісі - 2000 теңгеден. Әрбір келі еттің үстіне қосатынымыз 70-100 теңге ғана.  Соның өзінде өтіп жатқан жоқ. «Қымбат» деп ұрсады клиенттер.

Базарда баяғыдай көл-көсір ет жоқ. Неге азайып кеткенін білмеймін. Бұрын мал өткізушілер де көп болған соң бәсекелестік пен еттің бағасы мұншалықты қатты көтерілмейтін» ,- деді қасапшы Абдулла Хасан.

Тағы оқыңыздар: Министр алтыншы баласын босанып, қаза болған анаға қатысты пікір білдірді

Қазының да бағасы көтерілген: бір келісі 2700-2900 теңге. Бүтін қазы 2-3 келіге түсіп, тұрғындардың қалтасына ауырлық салатындықтан, саудагерлер оны бөлшектеп сатуды бастаған.

Сиыр етінің де жағдайы мәз емес. Қабырға, төс, мойын, жіліктің басы сынды сүйекті тұстары - 1500-1600 теңге. Ал жамбас, сегізкөз сынды жылы жұмсақ жерлерінің бір келісінің бағасы - 2100 теңге.

«Қой етінің бағасы осы аптада сәл арзандады», -  дейді сатушылар. Қыркүйекте келісі 1600-1900 теңгенің арасында болған тоқты еттері қазір - 1350 теңгеден бағалануда.

Бағасы шарықтап кеткен азық-түліктің көш басында картоп пен жұмыртқа және қатты пияз тұр.

Картоптың «нарынқолдық» деп аталатын түрінің бір келісі - 250-300 теңге, Павлодарлық картоптар - 200 теңге, жергілікті, яғни, алматылық картоптың кішкене қалтасы – 600 теңгеден сатылуда. Саудагерлердің сөзінше, бағаны шаруалар шарықтатып жіберген, олар тек сатушы.

Тағы оқыңыздар: Ердоған Қырымның Ресей жері екенін мойындамайтынын айтты

Жұмыртқаның да бағасы соңғы үш күнде 50-200 теңгенің арасында көтеріліп кеткен.

Мәселен, фабрикалық жұмыртқалардың 10 данасы көлеміне қарай 450-500 теңге, ал үй тауықтарынікі - 800 теңгеден сатылуда.

Әлеуметтік азық-түліктің ішінде қант - 300 теңге, қүріш - 400-450 теңге, қарақұмық – 360 теңге (жазда 200 теңге төңірегінде болған), сұйық майдың 1 литры сұрыпына қарай - 405-450 теңге, жарманың келісі – 350 теңге.

Тағы оқыңыздар: Отандық жұлдыздар "Бала дауысы" байқауының қатысушыларымен дайындықты бастады (фото)

Жылыжайда өсірілген қияр - 600 теңге, қызанақ түріне қарай  - 250-600 теңгенің арасында бағалануда.

«Базарда жалға алу ақысы бірден 25 пайызға көтеріліп кетті. Бұрын 28 мың теңге төлесем, қазір 36 мың. Сонымен қатар, салық та қатты қысып жатыр. Бағаның көтерілуіне осының барлығы әсер етуде. Күннен күнге базарда клиент азайып бара жатыр. Бірнеше саудагер орындарын жауып, басқа бизнеске кетіп қалды. Халық қайдан, не сатып алып жатқанын білмеймін», - деді Тимур есімді жидек сатушы.

Бағасы көтерілмегендердің ішінде тауық еті ғана бар. Балапанның 1 келісі -800-850 теңге.

Базарда қап-қап азық-түлік алып жатқандарды көру қиын. Көбінесе клиенттер керекті өнімін бір күндік, яғни келілеп қана сатып алуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1642840-ekspo-dan-sonh-almatyda-kartoptynh-keli.html