RU

Жағымсыз иіс, жуылмаған унитаз: қоғамдық орындағы әжетхана астаналықтарды шошытты (фото)

Елордадағы қоғамдық орындарда күн сайын тазарту жұмыстары жүргізілсе де, әжетханалар «жағымсыз иістен» арылатын емес. Мұндай олқылықтар әсіресе қаланың оң жағалауындағы ойын-сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарында жиі кездеседі деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Үйде тамақтанудан гөрі, көбіне-көп сыртта ауқаттануды жөн санайтын елордалықтар қаладағы қоғамдық тамақтану орындарына жиі бас сұғады. Тұрғындар мұндай жерлердегі сервистік қызмет көрсету сапасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанымен, әжетханадағы «кемшіліктер» күні бүгінге дейін шешілмегендігін айтып, дабыл қақты.

Тағы оқыңыздар: Қостанай облысында тағы бір әйел із-түзсіз жоғалып кетті (фото)

«Қазір қала тұрғындары осындай, тағамы дәмді әрі бағалары қолжетімді асханалар мен дәмханаларға келіп тамақтанғанды әдетке айналдырған. Әрине, үйдің тамағына жетпейді, десе де, жұмыстан кеш шыққаннан кейін, үйге барып, тамақ әзірлеуге де уақыт тапшы болып жатады. Сондықтан, отбасымызбен асханаға келе саламыз.

Мұнда бәрі жақсы, тек әжетханадағы тазалық мәселесін қолға алса деймін. Бірақ, бұл жердегі әжетхана жайы қаланың оң жаңалаудағы асханалардан аз да болса жақсырақ, ол жақтағы әжетханалар жайы тіптен мүшкіл. Қашан барсаң да қолқа қабатын жағымсыз иіс, жуылмаған унитаз», - деп ашы шындықты жайып салды астаналық тұрғын.

Тағы оқыңыздар: Енемен тіл табысудың ең оңай екі тәсілі қандай?

Елордалық тұрғын шетелдік туристер елімізге көптеп келсін десек, алдымен аталған мәселелерді, яғни, сервис пен әжетханалар тазалығын мықтап қолға алған жөн дейді.

«Биылғы жазда отбасымызбен Түркияға барып қыдырып келдік. Ондағы сервис пен біздегінің айырмашылығы жер мен көктей. Әжетханадағы тазалық тіптен бөлек әңгіме. Барлығы мұнтаздай таза, ешқандай жағымсыз иіс жоқ. Айтпағым, дамыған 30 елдің қатарына кірместен бұрын, әуелі, осындай кем кетіктерді жойғанымыз жөн болар, қалғаны уақыттың еншісінде»,- деп сөзін түйіндеді тұрғын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1643000-astanalyqtar-qoghamdyq-oryndaghy-azhet.html