RU

Қайрат Нұртастың әкесі келінін "құлша" ұстайды дегендерге өз жауабын берді

Қайраттың әкесі Нұртас Айдарбеков келіні Жұлдызды "Құл қылып ұстап жүрсіздер ме?" деп сынаушыларға алғаш рет ашық жауап берді. Ол осы уақыт аралығында Жұлдыздың дүниеге ұрпақ әкеліп, өмірін өз отбасына арнағанын айтты деп хабарлайды NUR.KZ. 

"Он жыл ішінде біздің отбасымызға қойылған сұрақтар өте көп болды. Соның ішінде ең көп қойылатын сұрақ: "Неге келініңізді жасырасыз?" деген. Бірақ мүмкіндігінше шыдауға тырыстық. Бүгін Алла жазып бұйыртқан күн екен.

Жалпы осы сұраққа жауап беретін болсам, Жұлдызды жұлдыздай қып алдық. Менің отбасымда қыз болған жоқ, Жұлдыз келіп отбасымыздағы бірінші қызымыз болды. Көптеген сұрақтарда "Сіз Жұлдызды құл қып ұстап отырсыз ба?" деген әңгімелер айтылды.

Мен шынын айтайын, Жұлдызым менің тек төбемде жүрді. Біздің отбасымызда ең жоғарыда мен қызымды ұстап жүрдім. Мен өзімнің балаларымды ондай қып ұстаған жоқпын. Құдайдың алдында да, адамның алдында да солай  айтамын",- деп ағынан жарылды Нұртас Айдарбеков.

Әншінің әкесі халыққа Қайраттың жұбайы емес, өнері қызық болуы керек екенін айтып, ендігі күшін келінінің шығармашылығына саламыз деді.

"Ал енді жасырған себебіміз, бірінші Қайратымыз өнерге тәй-тәй басып келген соң, отбасымызбен біз барымызды соған салдық. Ең бірінші отбасы болған соң, бала-шаға болуы керек, сол отбасының тәрбиесіне көңіл бөлу керек болды.

Жұлдызды жасырыңқырап ұстадық, екіншіден түсінген адамға Қайрат өнер адамы болған соң, халыққа оның өнері ғана қажет қой деп ойладық.

Жұлдызымды мен еш уақытта үйде төмен ұстаған емеспін. Енді бүгін күні туды. Қайратымыз Аллаға шүкір, жұлдызы жанып, алдарыңызға жарқырап шығып қызмет етіп жүр. Енді қалған күшіміздің бәрін Жұлдызға саламыз",- деді әншінің әкесі.

Тағы оқыңыздар: Елді сұлулығымен тәнті еткен Қайраттың жары алғаш рет сұхбат берді (фото)

Еске салсақ, 12-ші қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында режиссер Рашид Сүлейменовтің "Арман" фильмі жарыққа шығады. Фильмде басты рөлді әнші Қайрат Нұртас және жары Жұлдыз Әбдікәрімова сомдайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1643085-qayrat-nurtastynh-akesi-kelinin-qulsha.html