RU

Алматы облысында басы биттеп кеткен адамдар көбейген

Алматы облысында блогер өңірде басы биттеген адамдардың қарасы көбейгендігін айтып, дабыл қақты деп хабарлайды КТК арнасы.

Аймақ жұртшылығының басын жаппай бит басты деп ұятты ақпарат таратқан блогер, сөзін іспен дәлелдеуге барынша тырысқан. Ол алдымен әлеуметтік желі арқылы педикулезбен кімдердің ауыратынын не ауырмайтынын сұрау салу арқылы анықтаса, кейін өзінің жеке парақшасына бит сатып алу жөнінде хабарландыру берген.

"Газет пен парақшама тірі бит сатып аламын деп хабарландыру бердім. Алматы облысының әр түкпірінен телефон шалды. Бит үлкенірек болса әр данасына 500, кішірек болса 250 теңгеден бердік. Мәселен менің алдымдағы зиянкестерге бес мың теңгем кетті", - дейді блогер Сандуғаш Дүйсенова.

Бірден-ақ блогердің парақшасы ұсыныстарға толып кеткен. Мәселен, бір тұрғын зиянкестерді сонау Жаркенттен таксимен жіберіп тұрыпты. Блогерге тіпті тұрақты клиент болғысы келетіндер де табылған.

"Бір әйел хабарласты. Ол Кербұлақ ауданында әлеуметтік қызметкер екен. Айтуынша, апта сайын ондаған бит жіберуге мүмкіндігі бар. Демек сол келіншек жұмыс істейтін мекемеде биттеген адамдар көп болып тұр ғой", - дейді блогер.

Бет-жүзін көрсетпеуді сұраған 30 жастағы келіншектің айтуынша, үлкен қызының басы мектептен биттеп келген. Ұзақ емделіп, одан нәтиже шықпаған соң қызының бұрымын кесуге мәжбүр болған. Мұндай жағдайға душар болғандардың көбі ауруханаға баруды жөн санамайды. Өйткені ұят деп есептейді. Сондықтан дәріхананың дәрі-дәрмегімен шектеледі.

Тағы оқыңыздар: Ердоған Қырымның Ресей жері екенін мойындамайтынын айтты

"Бізге қазір битке қарсы сусабын сұрап өте жиі келеді. Жаңағы балалары бақшадан не болмаса мектептен жұқтырып келеді деп ата-аналардың сұраныстары өте көп", - дейді фармацевт Анар Бесбаева.

Ал өңірдегі қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті бұл жағдайға қатысты дүрлігуге еш негіз жоқ деп отыр. Айтуларынша, биыл бар болғаны 94 дерек тіркелген.

"Алматы облысында 94 жағдай тіркелді педикулездың. Оның ішінде 14 жасқа дейінгілердің саны 60. Алматы облысында 11 ауданда 3 қалада тіркеліп отыр.Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бізде 26 жағдай болған. Биыл 94 , 68 жағдайға өсім болып отыр", - дейді Алматы облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің маманы Ләззат Асылбекова.

Мамандар денедегі түк атаулының жауы саналатын бит пен сіркенің көбеюі жылдам дейді. Сондықтан олардың түйірі табылса өздігінен емделмей дереу дәрігерлерге қаралу керек деп кеңес береді. Өйткені зиянкестер өзге де қауіпті ауруларды таратуы мүкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1643360-bloger-almaty-oblysynda-basy-bittep-k.html