RU

Астанадағы "миллионер" бүлдіршіндер баратын элиталы балабақша қандай?

Астаналық миллионерлер балаларын қымбат балабақшаларға беруге әуес. Олар тіпті сәбилерінің тәрбиесі үшін жылына миллиондаған қаржы жұмсайтын көрінеді. Бай-бағландардың бүлдіршіндері қандай балабақшаларға барады? NUR.KZ порталы назарларыңызға елорданың ең үздік әрі элиталы балабақшалар тізімін ұсынады.

Елордалық балабақшалардың арасында тұрғысынан көш бастап тұрған білім ордаларының бірі - «Нұрорда» балабақшасы болып тұр. Бас шаһар тұрғындарының айтуынша, мұнда тек «миллионер» бүлдіршіндер ғана тәрбиеленеді екен. Бір қызығы, аталған балабақшада танымал өнер иелері Қыдырәлі мен Қарақаттың да балалары баратын көрінеді.

Әйгілі балабақшаға хабарласып, ондағы айлық әрі жылдық ақы туралы сұрағанымызда, балабақша әкімшісі «қыркүйектен бастап шілденің 15-іне дейінгі уақытқа, яғни небары 10 айға - 1 миллион 650 мың теңге» төленетінін мәлімдеді. Ал, ағылшын топтарының бағасы тіптен шарықтап тұр – 2 миллион 50 мың теңге.

Аталған топқа деген сұраныстың жоғары болғаны соншалық, қазірдің өзінде бұл топқа орын жоқ дейді балабақша қызметкері.

Ауқаттылар отбасының «еркелері мен серкелері» баратын тағы бір бөбектер ордасы – «Мирас» балабақшасы. Мұндағы жылдық ақы құны – 1 миллион 449 мың теңге болса, айына ата-аналар 150 мың теңге төлейді екен.

Үйірмелер әдеттегі балабақшадағыдай 3 жастан басталады. Бұған қоса психолог, логопед сынды арнайы мамандар да дәріс оқитын көрінеді.

Бас шаһарда шенді-шекпенділер мен атқамінерлердің балалары тәрбиеленетін арнайы балабақша да бар.

"Айына 135 мың, ал жылдық ақы құны 1 миллион 560 мың теңгені құрайтын «Қарлығаш» балабақшасында гимнастика, каратэ, тіпті, бассейнге дейін бар", - дейді балабақша әкімшісі.

«Бұдан бөлек әр бөлме арнайы камерамен жабдықталған. Аталған балабақшаға тек мемлекеттік қызметкерлердің бөбектері ғана келе алады. Ал, арнайы ақылы бөлімде бүгіннің өзінде орын жоқ. Топтағы балалар санына келер болсақ, әр топта 20 бүлдіршіннен болады», - деп сөзін түйіндеді балабақша өкілі.

Астанадағы аты жер жаратын әрі қымбат деп саналатын балабақшалардың бірі – «Алпамыс» мектепке дейінгі білім беру мекемесі. Мұндағы ай сайынғы төлемақы – 99 мың теңгені құрайды.

«2 жастағы бөбектер логопед, психолог, хореография, музыка мамандары сабақ береді және дене шынықтару, би үйірмелеріне бара алады. Ал, 3 жастан бастап ағылшын тілі курстары оқытылады. 4-5 жастағы жеткіншектерге шахмат үйірмесі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, барлық топтар бассейнге барып, жүзу сабақтарын алады. Камера тек директор кабинетінде ғана бар.

Тағы бір айтар кетер жайт, түс уақытында барлық бөлмелер кварцталады, бұл процедура балаларды жұқпалы аурулардан сақтау үшін жасалады», - деп түсіндірді балабақша қызметкері .

Бүлдіршіндерді 2 жастан бастап қабылдайтын елордадағы тағы бір элиталы балабақшалардың бірі – «Ақбөпе» балабақшасы. Оқу-тәрбие орталығындағы айлық төлемақы – 70 мың теңгені құрайды. Бір қызығы, аталған балабақшаның әр бөлмесінде тұз лампалары қойылған.

"Мұндай лампалар түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қойылады", - дейді балабақша өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1643846-basseyn-gimnastika-karate-astanalyq.html