RU

Байлардың он шақты пәтері бар: Белгілі маман Астанадағы қалталылардың баспанасы туралы айтты

Астанада пәтер  сатып алушылар саны жыл санап артып келеді. Олардың арасында әсіресе, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау және Ақтау қаласы тұрғындары көш бастап тұр. Бұл туралы NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Еліміздің бас қаласы Астанаға ауысқалы бері, шаһарға келушілер саны да арта түскен. Бір қызығы, Астананың басты бәсекелесі саналатын Алматы қаласының тұрғындары да елордадан жаппай пәтер сатып алып жатқан көрінеді.

«Біздің компанияға пәтер сатып алу мақсатында, Ақтөбе, Шымкент, Атырау, Ақтау қаласының тұрғындары жиі келеді. Сонымен бірге, бұл тізімге алматылықтарды қосып қойыңыз. Оңтүстік астана тұрғындары негізі өз қалаларынан көшкілері келмейді. Десе де, олар зілзаладан қауіптеніп, Астанадан «запас» пәтер алуға құмар. Бұл тізімге Петоропавл қаласының тұрғындарын да қосуға болады. Бұрындары қазақстандықтар көбіне-көп Алматыдан пәтер алуды жөн санайтын, қазір керісінше, Астананың – астана мәртебесі бар, сондықтан халық балаларының болашағы үшін осы қаладан пәтер сатып алып жатады»- дейді «Витрина Недвижимости» компаниясының өкілі Әсем Болатқызы.

Сондай-ақ, ол ауқаттылардың Астанада 5-10 пәтерге дейін болатынын, бай-бағландардың олардың денін жалға немесе туыстарына уақытша тұру үшін беретінін мәлімдеді.

«Қазақстандықтар бұрын балаларын шетелге оқытуға асығатын. Қазір шетелде оқыту бағасы шарықтап кеткендіктен, өңірдегілер балаларын осында, Астанада оқытуға тырысады. Мәселен, олардың дені «Назарбаев» университетіне түсіп жатады. Сондықтан байлар елордадан қос-қостан пәтер, ал қарапайым ел тұрғындары тым құрыса бір пәтер алуға тырысады. Мұндай пәтер иелері үйлерін жалға немесе туған-туыстарына уақытша тұра тұруға береді», -деп өз сөзін тұжырымдады маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1644055-baylardynh-shaqty-pateri-bar-belgili.html