RU

Ұмыт қалған ауыл: ОҚО тұрғындары балаларын шибөрі жеп кететінін айтып, дабыл қақты

ОҚО-ның Сарыағаш ауданындағы тұтастай бір ауыл тұрғындары балаларын мектепке жіберуге үрейленіп отыр. Көрші ауылдағы мектепте оқитын балалардың кейбірі автобуспен қатынаса, енді бірі жаяу баруға мәжбүр. Ал екі ауыл арасындағы көпір апатты, тіпті шибөрілер де бар деп дабыл қаққан тұрғындармен өңірдегі NUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.

Шұқырсайдағы ауыл халқын мектеп мәселесі мазалап келе жатқанына бірнеше жыл болған. Бұған дейін апатты білім ұясында оқып келген балаларға биылғы оқу жылынан бастап жаңа мектепте білім алуға мүмкіндік туды. Тек бұл білім ордасы көрші ауылда. Бірнеше шақырымдық жердегі мектепте шұқырсайлық балалар арнайы автобус арқылы қатынайды.

Тек оның өзі ескі деген ауыл тұрғындары автобус бір мезетте 70-80 баланы таситынын алға тартты. Көлікке сыймағандары бірнеше шақырымды артқа тастап, жаяулатып баруға тура келеді.

Тағы оқыңыздар: Досхан Жолжақсынов қырғыз әріптестерінің өзін қалай өлтірмек болғанын айтып берді

«Қызым бесінші сыныпта оқиды. Жаңа мектеп болғаны жақсы ғой, тек біздің ауылға алыс. Көпірдің сыйқы мынау. Құлайын деп тұр. Оқушы түгілі, өзіміз үреймен өтеміз. Ауыл арасында шалғай жер жатыр. Түнге қалып кетсең, шибөрілерге таланып қалу қаупі бар. Амал жоқ, қызымды соңғы сабағынан күн сайын сұрап аламын да өзім жетектеп үйге алып қайтамын», - деді ашынған тұрғын Дильдора Озимова.

Келіншектің бұл сөзін шұқырсайлық өзге де тұрғындар растап отыр. Өзін Закир Ергешов деп таныстырған ер азамат екі баласы жаңа мектепте оқитынын айтты. Бұған дейін Шұқырсай ауылындағы ескі мектепте оқып келген. Ол білім ұясы апатты деп танылған соң мектеп жабылған. Закир Ергешов апатты білім ұясы жаңа оқу жылына дейін жұмыс істеп келгенін жеткізді.

"Балаларымызды мектепке жіберерде үрейленіп отыратын едік. Кейбір ата-ана балаларын сабаққа жібермейтін болды. Тұрғындардың айқайымен жаңа мектеп салынды ғой әйтеуір. Тек жеті жүзге жуық оқушысы бар ауылдан емес, көрші Аққорған ауылынан бой көтерді мектеп. Енді біз өз ауылымыздан мектеп салынуын талап етіп отырмыз. Биліктегілер бірнеше рет тексеру жұмыстарын жүргізді. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Біреуі салынады дейді, енді біреуі салынбайды деп жатыр. Кімге барамызды білмей дал болдық», - деді шұқырсайлық тұрғын.

Жайнайқайын жеткізген Ергешов автобусқа сыймай қалған оқушы бірнеше шақырымды артқа тастап, мектепке жаяу барып, азапты күндер кешуде дейді.

Тағы оқыңыздар: Жаңа жылдан бастап еліміздегі жәрдемақы мөлшері көбейеді

«Қазір аспан ашық, ертең қыстың күні не боларын білмеймін. Ата-аналар сабаққа жібермей қоятын шығар балаларын», - деген ер азамат биліктен мектеп мәселесін тез арада шешіп беруін сұранып отыр.

Бұл мәселенің қашан шешімін табатынын білмек болып, аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевті әңгімеге тарттық. Аудан басшысы да мектеп проблемасын растап отыр. Жаңа мектеп салынғанымен, ауданда бала өсімі жоғары. Сол себептен алдағы екі-үш жылда Шұқырсайда жаңа білім ордасы бой көтеретін болды. Қазіргі таңда жер бөлу жұмыстары жүріп жатыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1644294-oqo-da-balalary-korshi-auylgha-baryp-oqu.html