RU

Жұмбақ өлім: Шымкентте көз жұмған алты балалы ананың туыстары өз шындығын айтты (фото)

Алтыншы перзентін дүниеге әкелген соң денсаулығы күрт нашарлап, аурухана төсегінде қайтыс болған марқұм келіншектің жақындары шу шығарды. Туыстары ақ халаттылардың марқұмның денсаулығына қатысты берген ресми мәлімдемесімен келіспейтінін айтып, редакциямызға хабарласты деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Отыз жастағы Мереке Қозыкенова қыркүйектің 16-сы Түркістан қалалық перзентханада дүниеге алтыншы перзентін алып келеді. Ақ халаттылардың бақылауында бес күн болып, сәбиін құшақтап үйіне шығарылған ана кейін ыстығы көтеріліп, қыркүйектің 26-сында перзентханаға тағы түседі. Үш күн бойы дәрігерлер оның ыстығын түсіре алмаған соң жансақтау бөлімінде тағы үш күн жатады.

Жағдайы күрт нашарлаған ол Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханаға жеткізіледі. Оған ота жасалғанымен, дәрігерлер көпбалалы ананы аман алып қала алмады. Ақ халаттылар марқұм келіншектің созылмалы гепатит және бауыр циррозы, сепсис дерттері болғанын және де учаскелік дәрігерлер гепатиті бар келіншекке бала босануға тыйым салғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Алайда көпбалалы ананың туыстары бұл мәліметпен келіспей отыр.

Тағы оқыңыздар: Ұмыт қалған ауыл: ОҚО тұрғындары балаларын шибөрі жеп кететінін айтып, дабыл қақты (фото)

«Келіншегімнің Б гепатиті барын білетінбіз. Аяғы ауырлаған соң дәрігерге қаралды. Қажетті анализдерін тапсырып, ондағылар бала дүниеге әкелуге қауіп жоқ деген шешім шығарды. Ол да ақымақ емес қой, егер өміріне қауіп төнетін болса, ондай қадамға бармас еді. Артында бес баласы бар», - деді марқұмның күйеуі.

Сонымен қатар кейбір отандық ақпарат құралдарында келіншек баланы дүниеге әкеле салысымен комаға түсіп, жансақтау бөлімінде жатты деген ақпаратты да туыстары жоққа шығарды.

«Келініміз босанған соң өзі де, бала да аман болды. Мереке перзентханадан өз аяғымен шықты. Біз күтіп алдық. Қажет десеңіз, видео, фотолар да бар. Үйге келген соң бірнеше күн өткеннен кейін оның ыстығы көтерілді. Қайтадан түсті перзентханаға. Босандыру барысында жатырына инфекция түскен болып тұр ғой. Келінім перзентханада жатқанда абысынына «Дәрігерлер жатырымды тазалады, қатты қиналдым» деп айтыпты. Тура сол кезде перзентханада комиссия келеді деп жөндеу жұмыстары жүріп жатқан екен. Таза емес қой, содан пайда болып отыр инфекция», - дейді Мереке Қозыкенованың енесі.

Марқұмның жолдасы әйелі ыстығы көтеріліп ауруханаға қайта түскенде дәрігерлер біліксіздік танытты деп айыптап отыр. Тек ыстықты түсірумен әлек болды дейді.

«Біздің таң қалатынымыз, дәрігерлер неге жатырды қарап, тексермеген? Тек ыстығымен әлек болған. Жатырға түскен инфекция қанға таралып, жағдайды ауырлатып жіберген. Соның салдарынан келіншегім Шымкентке жеткізілгенде қаны сұйылып кеткендіктен ота дер кезінде жасалмады. Ал Түркістандағы перзентханадағылар қаны тіптен қою деп айтты. Біз облыстық аурухана дәрігерлеріне кінә артып отырғанымыз жоқ, о баста түркістандық дәрігерлер диагнозды дұрыс қоя алмаған», - дейді алты баланың әкесі.

Марқұмның денесі сот медициналық сараптамадан өткен соң шығарылған шешім келіншектің туыстарын тіптен есеңгіретіп жіберген. Онда бауыр церрозы туралы ешбір мәлімет жоқ. Өлім себебі эндометрит, сепсис және бас миының ісінуінен деп көрсетілген.

«Дәрігерлерді түсінбеймін, егер диагноз қоя алмай ма, айтсын. Басқа білікті маманға көрсетер едік қой. Бұлар болса, жоқ, ұстап отырған. Үш күн бойы ұстады, сосын тағы үш күн жансақтау бөлімінде жатты. Бұл аралықта, әрине, жатырға түскен инфекция бүкіл денеге тарап кетеді. Қызым өз аяғымен аурухана барып тұрып, өлі денесін алып шықтық», - деп ашынды Мереке Қозыкенованың әкесі.

Бір қызығы, түркістандық ақ халаттылар келіншектің жаназасына келгенде туыстарынан болған жағдайды Алланың жазғаны деп балап, көз жұма қарауды сұраныпты. Тіпті марқұмның жетісі мен қырқына кететін шығынды көтеруді ұсыныпты. Алайда оны естіген туыстары біліксіз дәрігерлер кінәсін мойындамай отыр деп ашуға булыққанын жеткізді.

Тағы оқыңыздар: Жеңілістен көз ашпайтын отандық футболшылар депутаттың ашуына тиді

«Бізге ақша емес, жауаптылар жазасын алуы қажет. Біз әділдік іздейміз. Бүгін біздің қызымыздың өмірі қиылды, ертең тағы біреудің кезегі келмесіне кім кепіл?! Біздің қызымызға көмек беру үшін жолға шығып, ұшақ апатынан қаза болған адамдардың отбасыларына көңіл айтамыз. Әрине, ауыр жағдай. Диагноз дұрыс қоя алмаған бір біліксіз маманның кесірі ұшақта болған бес адам мен Мереке қызымыздың өмірін жалмады. Көрдіңіз бе, бір адамның кесірі алты жанның өліміне себепші болып отыр. Қазақстанда қашан білікті мамандар өз ісіне мұқияттылықпен қарамайынша, біз тыныштық таппаймыз. Ел аман, жұрт тынышта, осылай қолдан өлтіріп отыр ғой... Егер Түркістандағы перзентханадағылар білікті маман болғанында, сонау тыныш жатқан Алматыдағы білікті дәрігерлер мен ұшқыштар апатқа ұшырап, қаза болмас еді. Олардың отбасылары біз секілді шырылдап жылап қалмас еді», - деп сөзін түйді марқұмның туыстары.

Естеріңізге сала кетейік, түркістандық келіншек ауыр халде Шымкенттегі ауруханаға жеткізілген бойда Алматыдан санавиация қызметі шақырылған болатын. 3 қазан күні жолға шыққан ұшақ апатқа ұшырап, бортта болған бес адам қаза тапты.

Лакроскопиялық жолмен ота жасалғанымен, беті бері қарамастан аурухана төсегінде қайтыс болған келіншектің артында алты баласы қалды. Үлкені 11 жаста, бесінші перзенті екі жаста. Ең кенжесі Берекенің дүниеге келгеніне әлі бір ай да толмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1644387-altynshy-perzentin-duniege-akelgen.html