RU

Алматы облысында кейуана жұмбақ жағдайда жоғалып кетті (фото)

Алматы облысында із-түзсіз жоғалып кеткен Қадиша Түсіпованың балалары көпшіліктен көмек сұрауда. Әжейді туыстары тамыз айынан бері таба алмай әлек деп хабарлайды Алматы арнасы.

Қадиша Түсіпова 4-ші тамызда таңғы сағат 8-дерде үйінен шығып, содан бері оралмаған. Қарияны бала-шағасы мен туыстары шарқ ұрып іздестіруде. Одан қалды 50-ден астам ерікті де қол ұшын созған. Олар ауыл маңын түгелдей сүзіп шығып, ауруханалар мен мәйітханаға да сұрау салыпты. Алайда, еш нәтиже болмаған.

«Біз деген құзырлы органдарға, РОВД-ға барып өтініш жаздық. Сол каналдың бойында аяқ киімін қалдырып кеткен. Каналдың бойымен іздестірдік. Каналдың ішінде суын тоқтатып, үш рет іздестірдік. Өзіміз, туысқандарымыз 50 адамдай болып іздестірдік», - дейді Қадиша Түсіпованың қызы, Меруерт Әбілқасымова.

Тағы оқыңыздар: Ұмыт қалған ауыл: ОҚО тұрғындары балаларын шибөрі жеп кететінін айтып, дабыл қақты (фото)

Әжейдің туыстары оны іздеп, сабылып жүргендеріне екі айдан асып барады. Олар мүмкін болған жерлердің барлығын аралап, сұрастырып шығыпты. Тіпті Қадиша Түсіпованың туыстары бақсы-балгерлерге барған көрінеді. Олардың барлығы аналарының тірі екенін және әйел адамның қолында екенін айтыпты. Алайда, мекен-жайын нақты көрсеткен ешкім жоқ. Ал, құзырлылар Қадиша Түсіпованы іздестіру жұмыстарының жүріп жатқанын айтады.

«Қазіргі уақытта із-түзсіз жоғалған азамтшаның орналасқан жерін анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жалғасуда. Іздестіру шаралары барысында жергілікті жерлерді, байланысты, таныстары, достары. Көршілерін сұрастыру бойынша тексерілуде», - деді Алматы облысы ІІД ресми өкілі, Айман Мырзекова.

Айта кетсек, жоғалған кейуана паркинсон ауруына шалдыққан және дәрінің көмегімен жүрген. Ал, кетерінде өзімен мүлдем дәрі-дәрмек алмаған. Сондықтан, бала-шағасы аналарының денсаулығына алаңдап, оны тездетіп табу үшін қайырымды жандардан көмек сұрауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1644446-uyinen-shyghyp-qayta-oralmaghan-keyuana.html