RU

Семей тұрғыны интернетте жалған ақпарат жазғаны үшін сотталып кетті

Семейде үй құлады деп жалған ақпарат таратқан Артем Полюх ғаламторға жүктеген бейнежазбасы үшін екі жыл алты айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Енді ол құқық қорғау орындарының қатаң бақылауында болады деп хабарлайды КТК арнасы.

Судья оның 2-ші топтағы мүгедек және кәмелет жасқа толмаған баласы барын ескергендіктен, шартты жазаға кесті. Ал Артем Полюхтың өзі елді дүрліктірген бейнежазба ватсап арқылы келді деп ақталумен болды.

Айтуынша, оған көршілес Ресейде болған оқыс оқиғаның видеосын достары жіберген көрінеді. Онда «бүгін Семейде көпқабатты үй құлады» делінген. Ал құрдастарына сеніп қалған азамат, бірден ғаламтордағы жеке парақшасына жүктеп үлгерген.

Тағы оқыңыздар: Жұмбақ өлім: Шымкентте көз жұмған алты балалы ананың туыстары өз шындығын айтты (фото)

Осылайша мұны көрген ғаламтор қолданушылары жалған ақпаратты жарыса таратып жіберіпті. Айта кетейік, бұл жағдай биыл мамыр айында болған.

"Ютубта жеке парақшам бар болатын. Онда ең қызықты деген бейнежазбаларды салып жүрген едім. Сондықтан осы видеоны бірден сонда жүктеп жібердім. Үстіне «Семей қаласында үй құлап жатыр» деп жазғаным рас. Жалған екенін білмедім. Эксклюзив болсын деген ғана ойым болды", - дейді сотталушы Артем Полюх.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1644483-semey-turghyny-internette-zhalghan-aqpa.html