RU

Астанадағы топ-менеджерлер айына 400 мың теңгеге элиталы үй жалдап тұрады

Астанада жыл өткен сайын элиталы пәтерлер мен сән-салтанаты жарасқан түрлі кварталдар саны артып келеді. Айта кетерлігі, әлгіндей қымбат «пәтерлерде» түрлі компания басшылары мен шетел азаматтары тұрады екен.

Ең қымбат жалдамалы пәтер елорданың қай тұрғын-үй кешеніне тиесілі? Астананың элиталы аудандарындағы 1 бөлмелі пәтер қанша тұрады? NUR.KZ тілшісі аталған сұрақтарға жауап алу мақсатында, қаладағы белгілі мүлік компаниясы өкілімен сұхбаттасып қайтты.

Көптеген жылдар бері Астананың мүлік нарығында жұмыс жасап келе жатқан «Витрина Недвижимости» сараптама компаниясына пәтерді жалға, сатып алуға келетін клиенттер саны көп көрінеді. Компанияның коммерциялық бөлім басшысы Әсем Болатқызының айтуынша, нарықта, әсіресе, элиталы тұрғын-үй кешендеріне деген сұраныс арта түскен.

- Алдымен жалдамалы пәтер жайлы айтар болсам, Астанадағы ең қымбат пәтерлер «Arman Deluxe» және Қорғалжын шоссесі бойындағы «Green Village», «GreenGarden» тұрғын-үй кешендеріне тиесілі. Айта кетерлігі, аталған үйлерде 1-2 бөлмелі пәтерлер жоқ, яғни, 3-4 немесе одан да көп бөлмелі пәтерлер ғана бар. Мұндай пәтерлерді айлық жалға алу құны – 400 мың теңге.

Тағы оқыңыздар: ЭКСПО-дан кейін пәтер бағасының арзандайтыны рас па?

Одан кейінгі орында – «Highvill» ТК тұр. Мәселен, мұнда 2 бөлмелі пәтерді 200-300 мың теңгеге жалдай аласыз. Ал, одан кейінгі кезекте – «Париж», «Милан» кварталдары тұр. Бұл үйлерде де тек 3-4 бөлмелі пәтерлер ғана бар. Мұнда пәтерді жалға алу құны, шамамен, 200 мыңнан бастам 1 миллион теңгеге дейін кете береді, бұл жерде, баға неше бөлмелі пәтер жалдағаныңызға байланысты.

Сосын бұл тізімге биыл ғана пайдалануға берілген «Жасыл» кварталды қосып қойыңыз. Бірақ әзірге, бұл кварталдың үйлеріне сұраныс аз, себебі, аталған аудан инфрақұрылымы дамымаған, жөндеу жұмыстары енді-енді қолға алынып келеді. Бұл кварталдан 2 бөлмемі пәтерді шамамен – 200 мың теңгеге таба аласыз. Айтайын дегенім, мұндай пәтерлерді тек шетелдік компания басшылары,топ-менеджерлері ғана жалға алады, қарапайым халыққа мұндай бағадағы пәтерлер, әрине, қолжетімсіз»,-дейді маман.

Сондай-ақ, сарапшы, Астанадағы 1 бөлмелі пәтер бағасына тоқталып, оның былтырғы жылмен салыстырғанда, төмендегенін мәлімдеді.

Тағы оқыңыздар: Жұмбақ өлім: Шымкентте көз жұмған алты балалы ананың туыстары өз шындығын айтты (фото)

- Элиталы тұрғын-үй кешеніндегі 1 бөлмелі элиталы пәтер бағасы орташа есеппен – 20 млн теңгеден басталады. Эконом кластағы 1 бөлмелі пәтерлер – 9 млн, ал комфорт класта – 11-12 млн теңгені құрайды. Бұл былтырғы жылдағы бағамен салыстырғанда, аз да болса төмен баға, өткен жылы, мәселен, комфорт кластағы 1 бөлмелі пәтер -13- 14 млн теңге болған еді, - деп тың деректермен бөлісті сарапшы.

Бір қызығы, Астанадағы пәтерлер шетелдіктер тарапынан да зор сұранысқа ие екен. Ондайлардың басым бөлігін, қазақ қыздарына үйленген шетел азаматтары құрайтын көрінеді.

«Иә, шетелдіктер де Астанадан пәтер сатып алуға ниет білдіріп жатады. Олардың көбі – қазақ қыздарына үйленген шетел азаматтары»,-деп сөзін қорытындылады маман.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1644916-astanadaghy-top-menedzherler-ayyna-400-mynh.html