RU

Оны судьялар өлтірді: Мұрат Әбенов 18 жастағы алматылық қыздың өліміне кімді кінәлады?

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Алматыда жоғалып кетіп, кейін өлі күйінде табылған Назерке Әріптің ісіне қатысты пікір білдірді. Ол бойжеткенді өлтірді деген күдікті үш рет сотталғанын алға тартып, оны Жоғарғы соттан өз қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.

Ол бұл туралы өзінің Facebook желісіндегі парақшасына жазды.

"Мына он сегіз жастағы қызды өлтірген қылмыскер үш рет сотталған. Ұрлық жасағаны үшін, зорлық жасағаны және кісі өлтіргені үшін істі болған. Бұған неге жол берілді? Кім жауап береді? Жоғарғы сот бір рет болса да өзіне жауапкершілік алып, оларды неге жазаға тарпайды?

Президентіміз проблемаға жол бергені үшін Бозымбаевқа да сөгіс айтты ғой. Ал Мәми сот жүйесінде бәрі жақсы деген кейіп таныта ма?", - деп ашуланды ол.

Еске салсақ, Назеркені өлтірді деген адам бұзақылық, зорлау, тонау және кісі өлтіру қылмыстары үшін сотталғаны анықталған болатын.

Тағы оқыңыздар: Кішкентай екі оқушысын зорламақ болған қостанайлық мұғалім 17 жылға сотталып кетті

"2003 жылы ол Бостандық аудандық сотының үкімімен бұзақылық және зорлау қылмыстарын жасады деген айыппен үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылған. 2008 жылы "Тонау" бабы бойынша үкім шыққан.

2009 жылдың 10 ақпанында ер адам кісі өлтіргені үшін түрмеге тоғытылды. Сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жаза мерзімінің жартысын өтеген соң, бостандыққа шығарылған", - деді қалалық прокуратура өкілдері.

Назерке Әріптің өлімі бойынша іс Алматы қаласы прокуратурасының бақылауына алынды. Іс бойынша процесстік прокурор тағайындалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1645444-ony-sudyalar-oltirdi-murat-abenov-18-zha.html