RU

Қырғызстан президенттігіне басты үміткерлер бір-бірін жағадан ала жаздады (видео)

Қырғызстан президенттігіне үміткер «Республика-Ата Журт» фракциясының жетекшісі Өмірбек Бабанов пен қырғыз елінің бұрынғы премьер-министрі Сооронбай Жиенбековтің сайлау алдындағы дебатының видеосы жария болды деп хабарлайды NUR.KZ.

Қырғызстанның танымал саясаткерлері қызу пікірталас кезінде бірін-бірі "жағадан ала" жаздады.

"Мен 1995 жылдан бері саясатта жүрмін. Сен 2005 жылы келдің. Сені балапан кезіңнен бері білемін", - деген Сооронбай қарсыласы Бабановтың өзінен дәрежесі төмен екенін жеткізгендей болды.

Оппозициялық партия өкілі Өмірбек Бабанов болса қарап қалмай, бірден жауап қатты.

"Мұндай кезде адамға "сен" деп емес, "сіз" деп сөйлейді", - деп реніш білдірді ол.

Осы кезде Жиенбеков оны бұрыннан білетінін және ылғи да "сен" деп сөйлейтінін алға тартты.

Ашуға ерік берген Бабанов экс-премьер-министрдің жемқорлармен күреспейтінін айтып қалды.

"Біріншіден, мен сізге ешқашан балапан болған емеспін. Екіншіден, осы сайлауға шыққалы бері бір рет те жемқорлық туралы айтқан жоқсыз", - деп елдегі мәселені қарсыласының бетіне басты.

Сол сәтте бұрынғы үкімет басшысы жемқорлықпен күресті алдымен өзінен (Бабановтан - ред) бастайтынын жеткізді.

Сөзге келіп қалған саясаткерлер бірін-бірі одан әрі түйрей жөнелді.

"Шенеунік бола тұра осынша байлықты қайдан тапқаныңызды дәлелдеп беріңіз. Мен әрдайым бизнесте жүрген адаммын", - деді Бабанов.

Бұл сөздер Жиенбековтің ашуына тисе керек, бірден ақтала бастады.

"Сен менің қандай таза адам екенімді білесің. Ал мына жерде тұрып алып, мені елге масқаралап тұрсың", - дейді Сооронбай Жиенбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1645508-qyrghyzstanda-prezidenttike-basty-um.html