RU

Шымкенттік дәрігерлер ауыр дертке шалдыққан бүлдіршінді емдеуден бас тартып отыр

Шымкентте ауыр дертке ұшыраған бүлдіршіннің ата-анасы халықтан көмек сұрайды. Қатерлі ісікке шалдыққан Айғаным Пердебайды емдеуден дәрігерлер бас тартып отыр деп хабарлайды NUR.KZ.

Айғанымның бас миының сол жақ бөлігінде қатерлі ісік бар екені мамыр айында анықталды. Содан бері бүлдіршіннің ата-анасы қыздарын емдету үшін жанұшырып жүр. Бүгінде дерті асқынған Айғанымның көзі көрмей, соңғы күндері тілі де шықпай қалған.

Тағы оқыңыздар: Ғалымдар қазақ әліпбиінде кейбір әріптердің неге жоқ екенін түсіндірді

Дәрігерлер қыздың ата-анасына кез-келген жағдайға дайындала беріңіздер деп ашық айтыпты. Алайда, көз алдында перзентінің үзіліп бара жатқанына налыған ата-ана дәрігерлердің салғырттығына наразы. Айтуларынша, шымкенттік дәрігерлер Астанадағы орталыққа ота жасауға жіберудің орнына бұл мәселені бір-біріне сілтеп қашқақтап жүр екен.

Жеткіншектің жағдайы ауыр болғандықтан, Астанадағы нейрохирургия орталығында ота жасалынған. Бірақ, ол операциядан кейін химиялық терапия емін алу үшін қайтадан салмақ жинауы керек еді. Осылайша, ата-анасы науқас баласын Шымкенттегі балалар ауруханасына әкеледі.

Тағы оқыңыздар: Төрешіні балағаттаған қазақ футболшысы жеті матчқа алаңнан қуылды

Алайда, бұл ауруханада жеткіншек салмақ жинаудың орнына тағы бір қатерлі ісікке шалдығыпты. Яғни, бас миының оң жағында екінші қатерлі ісік пайда болған.

"Астанадан келгенде облыстық балалар ауруханасындағы "Нейрохирургия" бөлімінде ем қабылдап жаттық. Басында тағы бір ісік пайда болды. Қызымның қазіргі жағдайын көрсеңіз жылайсыз. Көзі көрмейді, сөйлей алмайды. Дәрігерлер неге жаны ашымайтынын түсінбеймін.

Астанадағы мықты медициналық орталық мамандарының өзі қызыма ота жасаудан бас тартты. Дәрігерлер кез-келген жағдайға дайындала беріңіздер деп үмітімізді үзіп отыр" - дейді қыздың әкесі Ержан Патшабеков.

Ал, дәрігерлер NUR.KZ тілшісіне науқас баланың жағдайы ауыр екендігін растады. Айтуыларынша, химиялық терапия мен ота жасауға Айғанымның жағдайы көтермейді. Сондықтан, қолдан келгенше ем жасап, жеткіншектің өмірі үшін күресуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1645772-auyr-dertke-shaldyqqan-buldirshindi-em.html