RU

Алматы облысында 17 жастағы жігіт бензин іздеймін деп бақилық болды

Алматы облысында үш бірдей адам жантүршігерлік жол апатынан қаза болды. Апаттан аман қалған әйел ауруxанаға жеткізілді деп хабарлайды КТК арнасы.

Қайғылы оқиға Алматы-Көкпек трассасында болған. Ішінде төрт адамы бар "Мазда"  жолдан шығып кетіп, жуан ағашқа барып ұрылыпты. Салдарынан ішіндегі үш адам сол жерде тіл тартпай кеткен.

Соққының даусы маңайдағы тұрғындарды аяқтан тік тұрғызған. Дереу оқиға орнына жеткен олар құтқарушыларды күтпей, көмектесуге кірісіпті. Бірақ, мыжылған көліктегі жолаушылардың бәрін өз еріктерімен далаға шығару мүмкін болмаған.

"Белдікті кесіп, әйел адамды шығарып алған. Еркекке күшім келмей қалды. Артындағы екеуіне де күшім жетпеді", - дейді оқиға куәгері Қанат Жапанов.

Тағы оқыңыздар: Әйелінен кек алмақ болған азамат енесін тірідей өртеп жіберген

Аман қалған 34 жастағы Гюзель Әжиева ғана. Оның өзі Шелектегі орталық ауруxананың жан сақтау бөліміне түскен. Көлік тізгініндегі әкесі мен жеті жасар ұлынан қапыда айырылып, қара жамылған келіншек әлі де өз-өзіне келе алар емес.

Ал бензин іздеген жігіт бұл көлікке жол-жөнекей отырыпты. Сөйтсе, қолында канистрі болған бала жақын маңнан жанармай таппай, 20 шақырымдағы бекетке бара жатқан екен. Ажалы темірден болғандар қазір жер қойнына тапсырылған. Ал тәртіп сақшылары жол апатына нақты себебін анықтауға кірісті. Болжам бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.

"Қылмыстық кодекстің 345 бабы, төртінші тармағына сәйкес облыстық ішкі істер департаментінің аңықтау басқармасымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды", - дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы Жанар Төлегенқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1645920-almaty-oblysynda-17-zhastaghy-zhigit-benzi.html