RU

Төлешовтің ұлы мен бәйбішесі қара шаңырақтағы мүлікті сыпырып әкеткен (фото)

Шымкенттің сот орындаушылары «сыра королінің» соңғы үйін тәркіледі. Десе де, әкесінен қалған қара шаңырақтан Төлешовтің үлкен ұлы мен бәйбішесі дымын қалдырмай сыпырып әкеткен екен деп хабарлайды КТК арнасы.

Оңтүстіктегі ең дәулетті отбасылардың бірі талай жыл тұрған бұл үйге талай адам тамсана қарайтын. Алайда тілшілерге Тоқтар Төлешовтің үйіне тек олигархтың өзі қамалған соң ғана кіру мүмкін болып отыр. Сыра королінің Шымкентте болған төрт үйінің негізгісі саналатын бұл ғимарат қазір мемлекет есебіне өткізілді.

Сыртынан қарағанда үш қабатты болып көрінгенімен, сарай негізі алты деңгейден тұрады. Ауланың өзі кезінде мұнда асқан дәулет пен сәулеттің болғанын байқатып тұрғандай.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында 17 жастағы жігіт бензин іздеймін деп бақилық болды

Таспен безендірілген тоғандардың үстінде өрнектеліп жасалған көпірлер мен альпі тауларының макеті, фонтандар мен сарқырама бар.

Бұлардың жанында кезінде сыра королі отбасымен демалған.

Ал Тоқтар Төлешов пен отбасы мүшелерінің суреті қабырғада мозаика түрінде бейнеленіпті. Онда олигархтың өзі сәйгүлік мініп, ата-анасы мен әйел-бала-шағасы қасында тұр.

"Аталған үй мемлекет балансына өткізілген. Бұл мекен-жайда борышкерлер тұруына байланысты билік пен сотқа тиісті арыз түсіріп, соттың шешімі бойынша борышкерлер Төлегенов пен Жорабаеваны осы үйді өз еркімен босату жөнінде соттың шешімі шыққан. Бүгінгі күнге борышкерлер өз еркімен үйді босатып, сот шешімі толық орындалды", - дейді Еңбекші аудандық сот орындаушылары бөлімінің бастығы Нұрлан Серікұлы.

Дегенмен, сыртынан сәулетті үйдің іші қаңырап қалған. Мұнда күні кешеге дейін тұрып келген отбасы мемлекетке ештеңе қалдырғысы келмеген сыңайлы.

Тіпті, жарық қосқыштар мен сантехникаға дейін жұлынып, есіктердің ешқайсы қалмаған.

Едендегі паркетіне дейін жырымдалыпты. Бүкіл үй ішінде бүлінбеген тек терезе сияқты. Ал ауладағы тас плиталар мен аспашамдарды әкеткені үшін Шымкент әкімдігі полицияға шағым түсіріпті. Тоқтардан қалған төрт үй мен тоғыз жер телімі – енді қала әкімдігінің меншігі. Мәселен, Төлешовтің қара шаңырағын көркемсурет мектебіне айналдырмақшы.

Тағы оқыңыздар: Әйелінен кек алмақ болған азамат енесін тірідей өртеп жіберген

Былтыр қаңтар айының соңында арнайы жасақпен ұсталған Тоқтар Төлешов «қылмыстық топ құрды», «кісі өлтірді» тіпті «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыптар тағылып, қараша айында 21 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Осыдан кейін иелігіндегі зауыт банкке өтіп, бірнеше үйі мен жер тілемдері, Шымкенттегі бірнеше ғимарат пен Ролсс Ройс, Бентли секілді қымбат көліктері мемлекет есебіне өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1645992-toleshovtinh-uly-men-baybishesi-qara-shanh.html