RU

ОҚО-да мақта теремін деп қаза болған оқушыға қатысты жаңа дерек шықты (фото)

Қанша айтылсада, Оңтүстікте сабақ оқудың орнына оқушыларды мақта теруге салу әлі тыйылар емес. Бала еңбегін пайдаланудың соңы қайғылы оқиғаға душар етті деп хабарлайды 31 арна.

Қайғылы жағдай түнде болған. Мақта терімге жалданған он алты жастағы бала шаршаған соң, трактордың тіркемесіне шығып, көз іліп алмақ болады.

Сол екі арада егістіктен екі тонна мақта жинап келген трактор бар мақтасын ұйқыда жатқан 11 сынып оқушысы Бақдәулеттің үстіне аударып жіберген. Жасөспірім сол жерде тұншығып қайтыс болған. Қара жамылған туыстары кінәліміз деген жан әлі табылған жоқ дейді.

"Біреуі келіп алдымыздан өткен жоқ, ешқайсысы іздеп келген жоқ. Бауырың осындай болып қалыпты, кешіріңізші деп алдымызға келген жоқ", - дейді марқұмның әпкесі Гүлжазира Өтебай.

"Бұл жерде қасақана адам өлтіру фактісі болмаса да, абайсызда адам өлтіру дерегі болып отыр. Бірақ бір пенде келіп, мынандай болып жатыр деп бас иіп келген адамды көріп отырған жоқпыз", - дейді нағашы әпкесі  Гүлвира Дәулетова.

Қабылдап өткізу пунктіне тіркемені аударып жібергенде ғана Бақдәулеттің өлі денесі шыққан. Алайда, қабылдау орны мектеп оқушысы мақтаның астында қалғанын білмедік деп отыр.

Тағы оқыңыздар: Алматы облысында 17 жастағы жігіт бензин іздеймін деп бақилық болды

"Ол қай жерінде қалды білмейміз ғой мәселен. Ол егістің басында болған жағдай", - дейді Қабылдау пунктінің күзет басшысы Бақтияр Омаров.

Бұл уақытта Бақдәулетті әке-шешесі шарқ ұрып іздеген. Алайда, оны көрдім, не білдім деген тірі жан табылмапты. Ұялы телефоны да жауапсыз қалған. Тек, таңертең ғана қаралы хабар жеткен.

Қазір, адам өліміне әкеп соққан іске қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жұмыс беруші мен сол түнгі жұмысшылардан Ордабасы аудандық полицейлер жауап алуда.

Бақдәулеттің мәйітін туыстары кеше жер қойнына тапсырды. Туыстары кінәлілер жазадан жалтарып кетпей, жауапқа тартылғанын қалайды. Ал, Оңтүстікте совет заманынан бері оқушыларды мақта теріміне салу - әлі жалғасып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1646013-oqo-da-maqta-teremin-dep-qaza-bolghan-oq.html