Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан кино өнеркәсібі дамып келеді

Опубликовано:

Қазақстанда ел режиссерлері түсірген кинофильмдер көбейіп келеді.

Кино түсіру саласына жұмсалатын инвестициялар көлемі де артып жатыр. Ұлттық кинематограф Еуропа, Азия және Америкадағы өнер орталықтарынан серіктестерді көптеп таба бастады.

Мамандардың айтуынша, соңғы үрдіс болашақта елдегі кино өнеркәсібінің көптеген табыстарға жетуіне жол ашады.

СТАЛЛОНЕ МЕН ЧАРЛИ ЧАПЛИННІҢ ІЗБАСАРЛАРЫ

Еуропа мен Азия арасында жатқан Қазақстанның географиялық жағдайы кинофильм түсіруде халықаралық ынтымақтастықты жемісті түрде жолға қоюға кең мүмкіндік береді, деп жазады The Screen Daily. Қазір ұлттық кино өнеркәсібі қарқынды түрде дамып келеді, елдегі актерлердің шеберлік деңгейі де тез артып отыр. Сонымен бірге кино түсіруге жұмсалатын ақша мөлшері де жылдам өсіп барады. Қазақстан – аумағы үлкен ел, дегенмен халқының саны аз әрі мұнда әр түрлі ұлттардың өкілдері мидай араласа өмір сүріп жатыр.

Он бес миллион тұрғыны бар осы ел – Орталық Азия аумағындағы экономикалық қуаты бойынша ең дамыған мемлекет. Бұл мемлекеттің кино өнеркәсібі де осы аймақтағы елдер ішіндегі ең алдыңғы қатарлы, қарқынды деп есептеледі.

Қазақстан мен Еуропа кинорежиссерлері бірігіп түсірген "Көшпенділер", "Моңғол: Шыңғыс ханның көтерілуі" және Сергей Дворцевой түсірген "Қызғалдақ" қойылымдары көрермендер тарапынан оң бағаланған болатын.

Алайда, ұлттық кино өнеркәсібінің өзінің даму барысында кино түсіру саласындағы жергілікті ескі дәстүрлер аясынан әрмен аттап үлгіргенін айта кеткен жөн.

Бұл киноиндустрия дала батырлары жайлы тарихи-эпостық кинохикая жанрының да ауқымынан асып, жетілудің жаңа жолына түсті. Режиссёр Фархат Шәріповтың таяуда ғана ел кинотеатрларында көрсетіліп, көрермен қауымға қатты ұнаған "Алқызыл қоян туралы аңыз" атты фильмінің көрсетілімі Қазақстанның табиғи газ өндіру саласында жұмыс істейтін мультимиллионер алпауыттардың бетімен кеткен шолжаң балаларының өмірін бейнелейді.

Ал режиссёр Ахан Сатаевтың биыл түсіріліп болып, экранда көрсетіле бастаған "Адасқан жан" фильмі – кең даланың шетсіз төсінде адасып кеткен отбасының тауқыметі туралы түсірілген метафизикалық триллер. Бүгінгі күні "Қазақфильм" мемлекеттік кинокомпаниясымен қатар жеке инвесторлар да кино түсіру саласына көп қаражат салып жатыр.

Қазақстанның өзінде, Мәскеуде немесе Нью-Йоркте жоғары кәсіби білім алған кинорежиссерлердің жаңа, жас өркені қалыптасып отыр.

Бірақ елдегі кино нарығының ауқымы тар болып және жергілікті киностудиялар түсірген фильмдерді жұртқа көрсетуден түсетін пайда жалпы кассалық түсімнің он пайызына да жетпейді. Ал ресейлік дистрибьюторлар Қазақстанға экспорттап отырған Голливуд студияларының фильмдерінен түсетін пайда кассалық түсімнің шамамен жетпіс пайызын құрайды.

Осы бір ахуал Қазақстан кино өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлердің фильм түсіруде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ұмтылуына түрткі болып отыр. Себебі қойылымды ел аумағында көрсету арқылы кинофильм түсіруге кеткен қаржыны кері қайтару неғайбыл.

СӨЗ БЕН ОЙ БОСТАНДЫҒЫНЫҢ ҰЖМАҒЫ САНАЛАТЫН КӘСІП

Өткен аптада, 21-25 қыркүйек аралығында Алматыда "Еуразия" кинофестивалі болып өтті. Онда көрсетілген қойылымдар арасында Ауғанстандағы соғыста қан кешкен жүрген қазақтар жайлы түсірілген Егор Кончаловскийдің ""A-ға" оралу" фильмі мен Әмір Қарақұловтың "Ақталмайтын махаббат" атты (оқиғасының желісі елдің футуристік ел ордасы Астанада жалғасады) романтикалық драмасы да болды.

Бұл фильмнің екеуі де – Ресеймен бірігіп түсірілген қойылым. Қазір Қазақстан кино өнеркәсібіне нарық пен коммерция принциптерінің тереңірек ықпал ете бастағандықтан Ресеймен арадағы ынтымақтастық та өрістеп барады.

Себебі ұлттық кино өнеркәсібі саласының кәсіпкерлері ауқымы әлдеқайда кең Ресей нарығындағы сұранысты да есепке алуға мүдделілік танытуда. Қазақстанның кезінде өзіне билік жүргізіп, өктемдік танытқан бұрынғы советтік метрополиясымен байланысы әлі де кең ауқымды.

Әрине, сонымен қатар қазақ елі өзінің ұлттық болмысын нығайтып, елдігінің іргесін бекіте түсу үшін әр түрлі шара қолданып жатыр.

Мемлекеттегі тұрғын халықтың көбі орыс тілінде сөйлейді, ресейлік актерлер мен режиссерлер де Қазақстан студияларында кино түсіруге жиі атсалысып жатады. Ұлты қазақ, аты әлемге әйгілі Ресей режиссерлерінің бірі Тимур Бекмәмбетов қазір "Қазақфильм" студиясымен бірлесіп "Алтын сарбаз" атты жобаны іс жүзіне асыруда. Жоба қазақ халқының батырлар туралы аңыздарының желісіне негізделе құрастырылған фильм түсіруді мақсат етеді. Қазақстан кинорежиссерлері Еуропа мен Азия фирмаларымен де ынтымақтастықты дамытып отыр.

Мәселен, "Моңғол" киноқойылымына екі құрлықтан да дарынды мамандар қатысып, тасын өрге домалатқан ұйымшыл жұмыс нәтижесінде дүниеге келді.

Таяуда Ахан Сатаевтың тағы бір фильмі де ұлттық экрандарда көрсетілуі тиіс. "Мың бала" атты бұл фильмді Сатаевтың студиясы Еуропа фирмалары және Азияның кей кинокомпанияларымен күш біріктіру арқылы түсіріп жатыр.

Құны жеті миллион долларды құрайтын бұл фильм келер жылдың көктемінен бастап экранда көрсетіле бастамақ. Фильмде қазақ пен жоңғар қолы арасында 1729 жылы болған Аңырақай шайқасы суреттеледі. Бұл ұрыста қазақ қолы жоңғар түмендерін қатты талқандап, мерейі үстем болған еді. Қойылымды қазір "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы түсіруде. Сонымен қатар фильмді түсіруге Әлия Уәлжанова ("Сталинге сый") мен Анна Качко ("Тосын жаңалықтар" фильмі арқылы таныс) да атсалысып жатыр.

Фильмнің атқарушы продюсері – "Қазақфильм" мемлекеттік киностудиясының басшысы Ермек Аманшаев. "Біз бұл елде мықты серіктес пен өз өнеріне дүйім әлем жұртын тәнті ете алатын режиссерлердің жас буынын таптық. Бұның бәрі Қазақстанды расында да қызықты ел етеді", – дейді ресейлік Анна Качко.

Өткен бірнеше жыл ішінде "Қазақфильм" мемлекеттік кинокомпаниясы фильм түсіретін дыбыс павильондары мен кино өнімін өңдеу жабдығын жаңартуға қомақты қаражат жұмсады. Осының нәтижесінде павильон мен жабдық деңгейі дүниежүзілік стандарттарға сай етілді.

Бұл киностудия өз мультфильм студиясының да негізін қалаған болатын. Осы студия бүгінгі күні елде алғаш рет қазақ халқы батырлық ертегілері кейіпкерінің бірі туралы "Ер Төстік" атты толық метражды мультфильм түсіріп жатыр.

БОЛЛИВУД ПЕН ГОЛЛИВУДКЕ ЕСЕ ЖІБЕРМЕУ

"Өткен жылдары мемлекет экономикалық дағдарысты бастан кешті. Ол кездері Қазақстан жылына екі-үш фильм ғана түсіретін.

Бірақ біз жаңа процестерді енгіздік те, компания құрылымын өзгерттік. Осының нәтижесінде киностудия қазір жылына жиырмадан астам фильм өндіріп отыр, – дейді "Қазақфильм" студиясының бас редакторы Дидар Амантай. – Біз, сонымен бірге, Қазақстандағы және шет мемлекеттердегі (Ресейді қоса алғанда) фильмдеріміздің маркетингіне де көбірек қаражат сала бастадық".

"Қазақфильм" кино өнімінің барлық түрлерін өндіруге алдағы үш жылда шамамен жетпіс миллион доллар қаржы жұмсағалы отыр.

Мұндай өнім қатарына кино-, теле- және мультфильмдер енеді. Киностудия тарабынан бөлінетін мұндай қаражат "Қазақфильм" мен оның шетелдік серіктестері бірлесіп түсіретін қойылымдарды әзірлеуге жұмсалатын болады. Аталған жобаның міндетті шарттары – кино түсіруге жергілікті елдің талантты өкілдері қатыстырылуы тиіс немесе фильм бүгінгі күнгі қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді көтеруі керек.

Фильмнің қазақ тілінде түсірілуі міндетті емес дейді. Орталық Азия мен Күншығыс Азиядағы кейбір елдермен салыстырғанда, Қазақстанда цензура режимі де әлдеқайда алдыңғы қатарда тұр деседі. Мұнда ойыңа не келсе соны істеп, аузыңа не келсе соны айтуыңа болады, тек үкіметті сынамасаң және ұлтаралық араздықты қоздыруы мүмкін нәрселерді түсірмесең болды.

Келесі жылы Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өтуі тиіс. Астана мен Алматыда ҮІІ Қысқы Азия ойындары өткізілмек.

Бұл оқиғалар Саша Барон Коэннің атышулы фильмі себебінен мемлекет абыройына түсірілген дақты кетіріп, елдің халықаралық беделін қалпына келтіруге септігін тигізеді деген үміт бар.

Сонымен қатар, таяуда көрсетілген Ермек Тұрсыновтың "Келін" атты фильмі мен кәмелетке енді толған бозбала мен бойжеткендер туралы Сәбит Құрманбековтың "Секер" атты қойылымы Қазақстан кино өнеркәсібінен көп үміт күтуге болатынын тағы бір рет көрсетіп берді. "Келін" фильмінің Америка кинематографиялық өнер мен ғылым академиясының "Оскар" жүлдесін "Шетел тіліндегі үздік фильм" санатында жеңіп алуға үміткер ретінде ұсынылғанын айта кету керек. Қазақстан кино өнеркәсібі осыншама ықылас пен көп қайратқа ие екенін, мәдени дүмшеліктен ада екенін танытты.

Ол алдағы уақытта да дүниежүзілік кинокөрермен аудиториясының назарына ілінбей қала береді деп айтуға дәтің шыдамайды, дейді "The Screen Daily" сайты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/164639-kazakstan-kino-onerkesibi-damyp-keledi/

pixel