Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тендер, монша және "ағашкалар": Елімізде тендер алу үшін басшыларға қалай жағынады?

Опубликовано:

Танымал блогер елдегі жемқорлықтың қалай жасалатыны туралы ащы шындықты жайып салды. Қоғам белсендісі әрі танымал бизнесмен Санжар Алтаевтың сөзінше «ағашкасыз» тендер ұтып ақшаға кенелесің, жылдық табысың 100 миллион теңгеге жетеді дегендердің бос әңгіме екенін алға тартып, өзінің басынан өткен оқиғасын баяндады деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

«Мен тендерге университет қабырғасында оқып жүргенде қатысып, жылына 200-300 миллион теңгенің тендерін ұтқанмын. Ол кезде доллар бағамы - 120-150 теңге болды. Шындықты айтайықшы, Қазақстанда бір тендер парасыз өтпейді. Ешкім саған мемлекеттік сатып алуды тегін бере салмайды. Міндетті түрде ақысы болуы керек», - дейді бизнесмен facebook-тегі жеке парақшасына.

Тапсырыс берушіге жағымпаздану

«Тендерді ұтпас бұрын тапсырыс берушіге жағымпазданудың өзі бір әңгіме. Кез келген тапсырыс беруші параны бірден ала салмайды. Ол параны алу үшін айлап алдап, сеніміне кіруің керек. Ең бірінші телефонмен қоңырау шалып, салқын сөйлесесің, сосын кездесуге шақырасың. Жұмысыңды таныстырып, достаса бастаған соң, бюджетті зертейсің (қанша ақша бөлінеді).

Бұл кезеңдерден сен тендер жарияланбай тұрып сүрінбей өтуге міндеттісің.  Дәлірек айтсақ, тапсырыс берушінің сеніміне толықтай кіруің керек. Айтқан уәделеріңді орындап, түскі асқа шақырып, литрлап арақ ішіп, сосын бірнеше рет моншаға барып түсіп, әупірімдеп жүріп тапсырыс берушінің шапанының қалтасына алдын ала дайындалған «рахмет» конвертін білдіртпей салып жібересің.

Бұның пара екенін дәлелдеп көр, себебі сендер доссыңдар, бұл өзара жәрдем болып саналады. Қайталап айтам, бұл тендер жариялағанға дейін жасалатын жұмыс қана. Осы қадамнан дұрыс өтпесең, тендерден дәметпей-ақ қой», - дейді Санжар Алтаев.

Тендер жарияланған уақытта «біреулердің» оған бас сұғуына болмайды

Барлық тендер, техникалық сипаттама өзінің тапсырысты орындаушысына арнап жасалған. Бөтен біреу кіріп кетпес үшін өте аз уақыт беріледі. Бұл жұмысты тек алдын ала тауарын дайындап, келісілгендер ғана орындайды. Барлық күрес тендер жарияланғанға дейін жүреді.

Себебі, сен ұсынған техникалық сипаттамаң тендерге енуі керек. Жарияланған тендердің техникалық сипаттамасына қарап-ақ кім ұтып алатынын білесің. Егер, тендер біреу үшін арнайы жарияланып қойса, оған бас сұғудың қажеті де жоқ.

Тендер не үшін үш ретке дейін қайталап өтеді?

Алдын ала ойластырылған тендерге біреу бас сұғып, жеңіп кету қаупі туса, тапсырыс берушілер оны «жарамсыз» деп тауып, үш ретке дейін қайталайды. Егер, сен тендер ұтып алсаң, жеңіске жеттім деп ойлама. Бұл - үлкен қаупі бар шаруа.

Мен бұл ащы шындық өз басымнан өткен соң жазып отырмын. Қазір мемлекетті компаниялармен жұмыс жасамаймын, ешқашан олардың тапсырысын орындамауға деп серт беремін. Турашыл адам болған соң, пара бермей таза еңбек еткім келеді. Ал қазір сен пара бермесең босағадан да аттатпайды.

Пара бермеймін деп екі есе шығынға баттым

Мен бір кездері тендерді парасыз жеңіп алдым. Онда да ең төмен бағаны көрсетіп, құзырлы органға шағымданып жатып, жеңіске жеттім. Алайда, тапсырыс беруші менің жұмысымды түрлі сылтау айтып, қабылдамай қойды. Бар айтатыны: « түсі ұнамайды», «жапсырмасы басқа жақта» деген секілді ұсақ әңгіме. Мен де ерегісіп, бір тиын бермедім. Алайда,  қырсықтығымның арқасында екі есе шығынға баттым, ақыры тапсырысты қабылдамады", - деп ойын түйіндеді кәсіпкер.

Тағы оқыңыздар: 

22 жыл бұрын Ресейге қашып кеткен алаяқ ақыры қолға түсті

Қырғызстанда жетінші сынып оқушысы өгей әкесінен жүкті болып қалды

Талғат Мұсабаев ұшақтары жиі апатқа ұшырайтын Авиация комитетіне шүйлікті

Назарбаев неміс кәсіпкерлерін "Астана" қаржы орталығына атсалысуға шақырған

Латын әліпбиін құрастырушылар: Басы бүтін, кемшілігі жоқ әліпби жасау мүмкін емес

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1646431-tender-monsha-zhane-aghashkalar-elimizde/

pixel