RU

Қайрат Нұртастың көпшілікті жылатқан фильмі несімен ерекшеленеді? (фото)

Қайрат Нұртас пен жұбайы Жұлдыз Әбдукаримова басты рөлдерді сомдайтын «Арман» фильмі 12 қазаннан бастап көрерменге жол тартты. Көрермен көптен күткен фильмнің тұсаукесері Алматы қаласындағы «Esentai Mall» сауда үйінің кинотеатрында Алматы қаласы әкімі Бауыржан Бәйбектің қатысуымен өтті. Бүгін NUR.KZ порталы фильмге арналған рецензияны оқырман назарына ұсынады.

Фильм бүгінгі қоғам айнасын боямасыз, дәлме –дәл қалпында шебер жеткізе білді. Әсіресе Арманның атасының рөлін сомдаған Тілектес Мейрамов пен көрші Үміт әжей (Шәмшәгүл Меңдиярова) өздеріне берілген рөлді толықтай алып шыққан. Атайдың әділдік іздеп Астанаға баруға бел буып, қарындасына «жоғарыда көкелерің болса көмектес» деп жасаураған үмітті көзбен қарауы талай көрерменнің жүрегін шымырлатқаны анық.

Прокурор мен дәрігердің алдына барғанда орыс тілін жете түсінбей қиналған қарттың аянышты күйі қазақ тілінің жетім күйін бейнелейді. Лауазымды әкесінің арқасында өзгенің тағдырын ойыншыққа айналдырып, онысына еш шімірікпейтін төртеуді көрген залдағы көрерменнің әр –әр жерден Мақсат Үсеновтің есімін айтып отырғаны естілді.

Фильм режиссері әрі сценарий авторы Рашид Сүлейменовтың идеялық мазмұнды алып шығуынан бөлек, кадрлар мен панорамаларды алуы, арнайы эффектілерді сәтті қолдануы, операторлық, монтаждық жұмысы көңіл толарлықтай.

Арманның  (Жұлдыз) сүйіктісін құтқаруы үшін басынан өткен оқиғаны интернетке жариялап, өз ақиқатын өзінше іздеуі зорлықтың құрбаны болған талай қызға батылдық береді.  Оның көзіндегі кек пен ыза, үрей мен үміт көрерменін сендіре алды де ойлаймыз. Бұл ретте Жұлдыз Абдукаримованың рөлін алып шығуындағы шеберлігі кәсіби актерлардан кем түспеді. Ал көк қағазға сатылмай, әділдетсіздікке қарсы күресуі дәрменсіз қыздың абыройын одан сайын биіктете түсті.

Мектебіміздің беделін сақтаймыз деп жанұшырған директор, жақындарынан қолдау күткен жәбірленушіні сенімі мен үмітінен айырған туыстары,  зорланған қызға миығынан күліп отырған тергеуші, дәлелдің жоқтығын алға тартып бұзақыларды ақтап отырған прокурор бір сәтке өзің өмір сүріп отырған қоғамды сыртынан бақылауға мүмкіндік береді.

Фильмді көру барысында залдағы талай қыз көз жастарына ерік берсе, жұдырығын түйіп, бұзақыларға ашуланып шыққан жігіттерді көргенде  кино картинаның қоғам санасына сәл де болса дүмпу бере алғанын аңғаруға болады.

Бұзақы Айдархан Шәріптің рөліндегі Елжас Рақымбековтің актерлық шеберлігіне талай көрермен «шляпасын» шешкені анық. New York Film Академиясы түлегі әлі талай белестерді бағындырады деп сенеміз!

Фильмнің нанымсыз шыққан тұстары да жоқ емес. Сүйіктісінен айырылған қалыңдықтың той көйлегін қиқалап киіп алып, жалаңаяқ жүруі кәріс киноларындағы қорқынышты фильмдерді еске түсіреді. Полицейлердің көз алдында Арманды үш бірдей жігіт қуалап бара жатқан сәтте логикалық байланыс жоқ. Себебі жанұшыра жүгірген бойжеткенге құқық қорғау ұйымдары мән бермейді.

Туынды шытырман, динамикаға толы көріністермен әрленсе де, соңында көп детальдар ескерусіз қалғандай көрінді. Мысалы, қанды қылмысқа қатысы бар Арманнан құқық қорғау қызметкерлерінің оп-оңай көз жазып қалуы, үлкен даулы оқиға туралы жаңалықты мектеп оқушыларының сынып ішінде қарауында автор жасандылыққа жол берген.

Әрине режиссер аталған іс бүкіл қоғамның назарында дегенді осылай көрсеткісі келгені түсінікті. Алайда фильм басынан бастап бүгінгі қоғамның дертін бұқпасыз, боямасыз көрсетіп келе жатып, шарықтау шегіне жеткенде іздеуде жүрген Арманға көпшіліктің мейрім таныта қалуы нанымсыздау.

Сонымен, Сүлейменовтің соңғы бес жылдықта күрт белең алған қыз зорлау ісіне қатысты тақырыпты таңдауының өзі қоғам назарын аудартқысы келгенін айқындап тұр. Фильмнің идеялық мазмұны, тақырып өзектілігі көрермен көңілінен шығады деп сенеміз.

Фильмді көрген қыз –келіншектердің көз жасына ерік бермеуі мүмкін емес, сондықтан экранға сұранып жүрген тақырыпты дөп басқан режиссер мен «Қайрат Нұртас Production» ұжымына сәттілік тілейміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1646705-qayrat-nurtastynh-kopshilikti-zhylatqa.html