RU

Ресейдің кемесін улы заттан тазарту үшін Қазақстан 39 миллион теңге шығынға батты

Каспий теңізінде 1 жыл бұрын қаңтарылып қалған танкерін құтқаруға көрші ел мүлдем құлық танытпаған. Ал улы зат толы алып техниканың кез-келген сәтте жарылып, экологиялық апатқа душар етуі мүмкін еді. Сондықтан, оны залалсыздандыруды ақтаулық шенділер амалсыз қолға алды деп хабарлайды NUR.KZ.

Олар жергілікті резервтік бюджеттен қаржы бөліп, бүгін теңізге төнген қауіптің бетін қайтаруға кірісіп кетті. Қайта бұл аз шығынданған түріміз. Танкердегі қара алтын су бетіне жайылып кеткенде, 2 миллиард теңге жұмсауға тура келер еді.

Ақтаулық табиғат жанашырларының көңілі бүгін ғана жай тапты. Өйткені, сағызша созылған танкерді улы заттан арылту жұмысы ақыры басталды. Әйтпесе, мұнай тиелген кеменің кез-келген уақытта жарылуы мүмкін еді. Тонналаған қара алтынның суға жайылу қаупі де жоғары болды. Бүгіннің өзінде мамандар соның алдын алған.

"Алдымен тазаламастан бұрын, бірінші қоршау керек. Мұнай төгілген жағдайда теңізді ластамау үшін", - дейді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқұл Әділбаев.

«Аракс» атты алып кеменің иесі - ресейлік компания. Ол былтыр қарашада Каспидегі қайраңға тұрып қалған. Сол кезде экипаж мүшелері танкерді тастап, кетіп қалды. Ал, теңіз кемесінің иелері өз техникасын құтқаруға құлық танытпады. Тіпті, біздің шенділер жолдаған хаттарды жауапсыз қалдырған. Амалсыз, ақтаулық атқамінерлер резервтік бюджеттен қаржы бөлуге мәжбүр болды. 39 миллион теңге тендерге салынып, жұмысты жекеменшік компания мойнына алған.

"2 аптада бітіріп береміз деп тұрмыз. Ауа-райы жақсы болса. Тазалаймыз. Теңізді бүлдіретін заттар теңізге түспейді. Қолымыздан келгенін жасаймыз", - дейді «Батыс Мұнай Транс» ЖШС қаржы директоры Айболат Асанғалиев.

Компания танкердегі 130 тонна өңделген май мен 3 мың тонна мұнай қалдығын өздеріне тиесілі кеменің көмегімен шығармақ. Бір күннің өзінде оған тиелген затты 200 тоннаға азайтамыз деп сендіріп отыр. Өйткені, тездетпесе, ауадағы метан мөлшерінің күрт артып кетуі мүмкін екен. Мұндай жағдай маусымда да тіркелген.

"Су сынамасын алдық. Оған мұнайдың төгілмегеніне көзіміз жетті. Алайда, маусымда ауада метанның көбейіп кеткені анықталды. Мұндай бақылауды 2 апта бұрын тағы жүргіздік. Әйтеуір, бәрі қалыпты болып шықты", - дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Абай Сафин.

Қара алтын суға жайылса, тіпті, 2 миллиард шығынға батар едік. Енді, тазалау жұмысы біткеннен кейін, қалдықтар Ақтау порты арқылы утилизацияға жіберілмек. Ал, мұнай тасымалдайтын кеменің алдағы тағдырын арнайы комиссия шешеді. Айта кетсек, бұл Каспиде тұралаған бірінші танкер емес. 2 жыл бұрын дәл осылай Иранның кемесі қайраңдап қалған. Әйтеуір, одан төнген қауіп дер кезінде жойылыпты.

Тағы оқыңыздар: 

ОҚО-да мектеп директоры беделді шенеунік әйелге өлең арнады (видео)

АІВА-ны шығынға батырған қытайлық президент қызметінен қуылды

ШҚО-да мешіттегі намаз оқу реті ұнамай қалған ер адамның басы дауға қалды

Жолкүре үшін жаңа туған сәбиін сатпақ болған ата-ана елді дүрліктірді

Ақтөбеде тентек оқушының кесірінен бүтіндей бір сынып сабаққа барудан бас

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1647104-reseydinh-kemesin-uly-zattan-tazartu-u.html