RU

Ақтөбелік кәсіпкер еріктілермен бірге ата-анасыз қалған бес балаға зәулім үй салып берді (фото)

Ақтөбелік кәсіпкер ата-анасыз қалып, қазір әжесінің қолында тәрбиеленіп жатқан 5 балаға зәулім үй салып берді. Бүгінге дейін адам тұрғысыз баспанада өмір сүріп келген жетімдерге қала тұрғындары да көп көмектескен деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бес немересін жалғыз өзі бағып отырған Надежда Никулаға ақтөбелік кәсіпкер жаңа баспананың кілтін табыстады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Көгілдір отын, ауыз суы да жүргізіліпті. Барлық бөлмесі жиһазбен жабдықталған. Бүгінге дейін «Элеватор» бау-бақша ұжымындағы лашықта тұрған балалар мен әжесі мұндай үйді көп армандаған.

Туғалы жақсы өмірді көрмеген кішкентайлардың анасы көктемде қатерлі ісіктен көз жұмды.

«Осы жылдың наурызында қызым қайтыс болды. «Немерелерімнен айрылып қаламын ба?» деп қатты қорықтым. 15 жыл бойы ескі үйде тұрдым. Баспанамның жағдайы нашар болғандықтан, немерелерімді балалар үйіне тапсыру қаупі болды.

Ескі үйде мүлдем жағдай болмады. Аязды күндері отын жарып, ауыз суды бірнеше шақырым жерден тасып ішіп жүрдік. Айналамдағы көршілерім үйлеріне көгілдір отын, суды өз қаражатына кіргізіп алды. Ал, менде оған ақша болмады.

Шүкір, мейірімді жандардың арқасында бүгін балаларыммен бірге жаңа үйге көшіп жатырмыз. Осындай үлкен үй салып берген азаматтарға алғысым шексіз»,-дейді Надежда Никула.

Екі қабатты зәулім үйді кәсіпкер 5 айда тұрғызды. Жалпы көлемі 110 шаршы метр болатын баспанада қыздар мен ұлдардың бөлек бөлмелері бар. Кішкентайлардың да жақсы жандарға деген алғысы шексіз.

«Қыздарға бір бөлме бар екен. Мұндай үйді әрқашан армандайтынмын. Ескі үйіміздегі бөлмелеріміз өте тар болатын. Ал, енді мұнда кітаптарымды, ойыншықтарым мен компьютер қоятын орын жеткілікті. Ең бастысы, таза әрі кең. Сабақ оқуға да ыңғайлы екен. Бізге көмектескен адамдарға үлкен рахмет», - деді кішкентай Надя.

Надежда Никуланың мүшкіл хәлі туралы қаланың белсендісі Екатерина Голотина көктемде әлеуметтік желілердің бірінде жазған еді. Жетім балалардың жағдайына бей-жай қарай алмаған ақтөбеліктер жан-жақтан көмек көрсетті.

Еріктілер әжейдің бұрынғы баспанасына көгілдір отын мен су тартып берген болатын. Ал, екі қабатты үйді отбасыға «Айс» компаниясының директоры Қуаныш Ищанов 10 миллион теңгеге салып берген.

«Балалар бүгінге дейін лашықта өмір сүрді десек артық емес. Ақтөбе тұрғындарының жартысынан астамы осы отбасыға көмектесті. Балалар жайлы өмірді ешқашан көрмеген. Ақша берді, киім, азық-түлік әкелді. Жерлестеріме алғыс айтамын»,-деді ерікті Екатерина Голотина.

Тағы оқыңыздар:

Өмірбек Бабанов Қазақстаннан үлгі алатынын айтты

Тараздағы құтқарушылардың жаттығуы жұртты шошытты

Қырғызстан Қазақстанның гуманитарлық көмегінен бас тартты

Ақмола облысында шенеуніктерге алданған ел далада қаңғып қалғалы тұр

ШҚО-да мешіттегі намаз оқу реті ұнамай қалған ер адамның басы дауға қалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1647155-aqtobelik-kasipker-eriktilermen-bir.html