RU

16 жасында "қайтыс болған" шымкенттік жігіт тоғыз жылдан соң қайта тірілді

Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Жұмаділов өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр деп хабарлайды "24 Хабар" арнасы.

 

Себебі мемлекеттік деректер қорында ол «16 жасында көз жұмған» деп тіркеліпті. Бір қызығы, мұндай олқылықтың орын алғанына тоғыз жыл болған. Алайда осынша жылдан бері өзінің «өлілер қатарына» тұрғанынан бейхабар жігіт диплом алып, отбасын құрған. Бағдат Жұмаділов Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырғанына бір айдан асты.

Өзінің тірі екендігін дәлелдей алмай әлек. 25 жастағы жігіт мемлекеттік деректер қорында «қайтыс болған» деген статуспен тіркелген. Сол себепті ол енді ешқандай құжат рәсімдей алмайды. Жуырда Бағдаттың ұлы дүниеге келді. Алайда нәрестенің құжат бойынша әкесі жоқ. Анасы амалсыздан Туу туралы куәлікті өз атына алыпты.

"Өзім тірімін, ал құжат бойынша өліп қалған деп тұр. Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында тіркелген дейді осы жағдай. Ал Шиелі ауданына ешқандай қатысымыз жоқ. Өткенде келгенде АХАЖ-дың кінәсі деді. Бүгін келсем Шиелідегі жұмыспен қамту басқармасының кінәсі дейді. Барлығы бір-біріне лақтырып жатыр", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Жұмаділов.

Баласын уайымдаған ана Ұлбала Әбілдаева осы жағдайдан соң күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Оның айтуынша, ұлы құжат бойынша 16 жасында қайтыс болып кеткен. Ал бір қызығы, Бағдат содан бері мектеп пен жоғары оқу орнын бітіріп, екінші рет жеке куәлік алған.

"Тірі тұрған баламды қалай мен өлді деп айтамын. Түнде де ұйықтай алмаймын. Уайымдаймын. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке басты куәландыратын құжатқа жауапты қызметкерлер: «бұл олқылыққа біз кінәлі емеспіз», – дейді", - дейді Жұмаділовтің анасы Ұлбала Әбілдаева.

Бағдат өзінің өмірде бар екендігін дәлелдеу үшін шаһардағы бірнеше мекемеге бас сұғып, мән-жайды түсіндірген. Ал мұндағылар оны кімнің «о дүниеге аттандырып жібергенін» анықтай алмай дал. Себебі арада көп уақыт өтіп кеткен. Дегенмен жаңа өмірге қайтару үшін қол ұшын созуда.

"Бүкіл мемлекеттік деректер қорында бұл баланың статусы қайтыс болған деп берілген. Қазір бұл азамат бізге арызын жазды. Біз бұл арызды алып, жоғарғы құзырлы органдар арқылы мәселесін шешуге көмектесеміз", - дейді Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі АХАТ секторының өкілі Клара Тілеуова.

«Осы іске кінәлі адамды таппай қоймаймын», – дейді Бағдат Жұмаділов.

Мақсаты – тірі екенін дәлелдеп, өлгендер тізімінен шығу. Сөйтіп жаңа өмірге қайта оралу.

Тағы оқыңыздар:

Өмірбек Бабанов Қазақстаннан үлгі алатынын айтты

Тараздағы құтқарушылардың жаттығуы жұртты шошытты

Қырғызстан Қазақстанның гуманитарлық көмегінен бас тартты

Ақмола облысында шенеуніктерге алданған ел далада қаңғып қалғалы тұр

ШҚО-да мешіттегі намаз оқу реті ұнамай қалған ер адамның басы дауға қалды

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1647177-16-zhasynda-qaytys-bolghan-shymkenttik-zhi.html