RU

Бас мүфти 16 жыл пәтер жалдап, жертөледе тұрған отбасыға үйдің кілтін табыс етті

Бас мүфти Ержан Малғажыұлы бес баламен жертөледе тұрып, күнін көре алмай келген отбасыға алты бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Астанадан іссапармен келген ол Алматы облысындағы Жалғамыс ауылына арнайы ат басын бұрды  деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Кеше өмір бойы пәтер жалдап, өмірдің тауқыметін көрген тағы бір отбасы баспаналы болды. Қуанышы қойнына сыймаған бес балалы ана балаларының енді тар үйде қыстырылмай, кең сарайдай үйде өмір сүретініне қуанды.

Бес баланың анасы Айсара Қыдырниязованың күйеуі бұдан екі жыл бұрын Паркинсон ауруына шалдығып, қозғалмақ түгілі сөйлей алмайтын дәрежеге жеткен. Шиеттей бала-шағасына ақыл айтып, жөн сілтеуге шамасы келмей қалған әке еріксіз көзіне жас алды.

Қиын жағдайда қалған отбасына Діни басқарма жанындағы «Зекет» қоры мен имамдар жұмыла көтеріп, үй салып берді.

Ал дәл осы қуанышты сәтті көруге келген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы болса, отағасына үйдің кілтін табыстап, балаларының ер-азамат болып өсуіне тілектестік білдірді.

Сонымен бірге, бас мүфти отбасының жағдайымен танысып, тұрмысқа қажетті тоңазытқыш, газ қазандығын, кір жуғыш машинасын сый ретінде табыстады.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ауыл тұрғындарының алдында сөз сөйлеп, осындай қайырымдылық шараға атсалысқан имамдарға алғысын білдірді.

«Бұл игі жұмыс «Зекет» қоры мен Алматы облысы өкілдігінің бастамасымен жүзеге асты. Құрылыс жұмыстары Рамазан айында басталып, төрт айдың ішінде толық аяқталды. Үйдің жылуы, су құбыры қамтамасыз етілген. Қиналған отбасыларға қол ұшын созып, көмек көрсету әр адамның борышы. Дініміздегі қайырлы амалдың бірі осы қайырымдылық. Қайырымдылық жасаған адам ешқашан жаман болмайды «қолы ашықтың – жолы ашық», – деді ол.

Ал жаңа үйге кіріп, қатты қуанған балалар асыр салып ойнаумен болды.

Тағы оқыңыздар:

Өмірбек Бабанов Қазақстаннан үлгі алатынын айтты

Тараздағы құтқарушылардың жаттығуы жұртты шошытты

Қырғызстан Қазақстанның гуманитарлық көмегінен бас тартты

Ақмола облысында шенеуніктерге алданған ел далада қаңғып қалғалы тұр

ШҚО-да мешіттегі намаз оқу реті ұнамай қалған ер адамның басы дауға қалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1647192-bas-mufti-16-zhyl-pater-zhaldap-zhertolede.html