RU

"Алтын Орда" базарында төрт баласымен бірге қайыр тілейтін әйелдің тағдыры елді алаңдатты

"Алтын Орда" базары - сан алуан тағдырдың  тауқыметіне куә, түрлі жандарды тоғыстырған "тағдырлы базар". Онда қайыршылардың, қалта ұрлықшылары мен алаяқтардың сан түрі кездеседі. Алайда олардың көбінің "өтірік" қайыр сұрап отырғанына куә болатын саудагерлер шиеттей төрт баласын жетектеп алып, қайыр сұрайтын ананың тағдырына бей-жай қарай алмаған. NUR.KZ порталы төрт баламен жесір қалған келіншектің өмірімен танысты.

Ана әдеттегідей төрт баласын жанына ертіп, күнделікті жұмысына таң азаннан кіріскен. Суықта өте жұпыны киінген балалар базар ортасындағы үстелге жайғасып, елдің назарын өзіне аударуда. Олардың ары да, бері де өтіп жатқан жұрттың таусылмас легіне еті өліп кеткен. Себебі екі жылдан бері "Алтын Орда" базарында олар асыр-салып ойнап, мұндағы саудагерлерді қылықтарымен қуантып жүр.

"Оны мұнда бәрі біледі. Барлығы көмек беріп, шай-пұлына ақша табады. Енді не істейді? Неше түрлі алаяқ қайыршыларды көріп жүрміз. Алайда оның бәрі өтірік екенін де білеміз. Бірақ мына кісілерді бұрыннан білеміз. Жағдайы қиын екені көрініп тұр. Балалары сондай сүйкімді", - дейді кішкентайлардың болашағына алаңдаған базарда сауда жасайтын Ғабидолла.

Ал өзін Құндыз деп таныстырған келіншектің өзі тағдырын айтып, елге көп шағым да айтпайды. Ол елдің берген көмегіне шүкірлік етіп, "осы күнім үшін Аллаға тәуба" дегенді көп айтады.

"Бес балам бар. Үлкенім студент. Қалған төртеуі кішкентай. Мына төртеуін бағу үшін осылай Алтын Орда базарына келіп, қайыр тілейміз. Балалардың құжаты жоқ. Күйеуім екі жыл бұрын қайтыс болған. Электрик болып жұмыс істейтін еді, ол кезде Ақтауда тұратынбыз. Сонда бір компания жұмыс істеп жүріп, тоққа түсіп қайтыс болды. Қәдімгі кәуап сияқты болып күйіп қалған", - деген ол көзіне еріксіз жас алды.

Алайда ол бес балам тұрғанда "тағдырыма өкпелеуге қақысы жоқ" екенін айтады.

"Күйеуім қайтыс болғанда кіші қызым ішімде үш айлық болған. Үш жарым жастағы екі егіз ұлым бар. Бестен асқан балам бар. Келер жылы мектепке беруім керек. Шүкір Алланың арқасында балаларым көз алдымда. Алланың бергенімен жан бағып отырмыз", - деген ол өз тағдырына ешқандай өкпесі жоқ екенін айтты.

Олар бүгінде күнкөріс үшін Алматыға келіп орныққан. Сонымен бірге, оның айтуынша, ол құжаттарын да жасай алмай әлек болғандықтан, тұрақты жұмысқа да тұра алмай жүр. Себебі бұған дейін Өзбекстанда тұрып, бірінші күйеуімен бір қызымен ажырасып кеткен. Кейіннен Ақтауға қоныс аударып, екінші мәрте тұрмысқа шыққан екен. Алайда көп ұзамай екінші күйеуі де қайтыс болады.

Жесір қалған әйел Алтын Орда базарынын тұрақты "тұрғынына" айналған.

Ал балалар болса, әдеттегідей анасымен бірге қайыр тілеуге кіріскен. Олар жамырап "Алла разы болсын", - деп айғайлап, елдің назарын өздеріне аудармақ болады. Есін енді біліп келе жатқан балалар бүгінде анасымен бірге пәтер жалдап тұрады.

Әрбір тиынына мұқиятпен қарайтын ана пәтер ақысын осылай елден ақша жиып, оны тиянақтап жинап кешіктірмей төлейді екен.

"Пәтер ақысын кейде алдын ала төлеп қоямын да, қыста мұнда шықпаймын. Жамағат киіммен көмектеседі. Аллаға шүкір, балаларымның киімі ескі болса да бүтін, жанымда, көз алдымда. Сондықтан жаным да тыныш. Алайда басымызда үй жоқ. Аш қалатын күн туа ма деп қорқамын. Денсаулығым сыр берсе, балалар қайда қалады?", - дейді ол.

Құжаты мен баспанасы алаңдаған Құндыз елден осы тұрғыда көмек сұрайды. Жесір әйелдің тағдырына бей-жай қарамайтын жандар +7 775 281 5423 нөміріне хабарласуына болады.

Егер редакцияға ұсынар қандай да бір ақпаратыңыз болса, + 7 747 535 1298 WhatsApp нөміріне хабарлама қалдырыңыз.

Тағы оқыңыздар: 

Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Назарбаевқа деген көзқарасын айтты (видео)

Қырғызстандағы жаңа басшының қызы сұлулығымен елді таңғалдырды (фото)

Пәктігі аса маңызды емес: Шымкенттік жігіттер қалай жар таңдайды?

Бүгін Қазақстанға метеорит құлайтыны рас па?

Қостанай облысында жедел жәрдемнің үш бірдей қызметкерін көлік басып кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1647991-altyn-orda-bazarynda-tort-balasymen-b.html