RU

Астанада 31 мың теңге жалақы алған балабақша қызметкері билікке жанайқайын жеткізді

Астанада азық-түлік қымбаттап, коммуналдық төлемдер бағасы көтерілгелі бері, жалақы көлемінің аз екенін айтып, шағымданушылар саны көбейді. Тұрғындардың айтуынша, елорда еліміздегі қымбат қалалардың бірі болғандықтан, мұндағы еңбекақы да тиісінше жоғары болу керек. Жалақысы бар-жоғы 31 мың теңгені құрайтын Дина Арманова да (авт. аты-жөні өзгертілді) бұған дейін мемлекеттік балабақшалардың бірінде қызмет етіп, еңбекақының аздығынан жұмысынан шығуға мәжбүр болған деп хабарлайды NUR.KZ.

Дина Арманова – үш баланың анасы. Балаларының үлкені мектепте оқыса, қалған екеуі балабақшаға барады. Осыдан біраз уақыт бұрын балабақша тәрбиешісі болып жұмысқа тұрған келіншек, жалақының аздығынан, қызметінен кетіп тынған. Бұған себеп, «еңбекақының аздығы, жауапкерлішіліктің көптігі» дейді астаналық ана.

"Екіншім үшке келіп, кенжем екіден асқан соң, жолдасым екеуміз оларды балабақшаға беру туралы шешімге келдік. Астананы өздеріңіз білесіздер қымбат қала, жекеменшік балабақшаға шамамыз жетпеді. Ал үкіметтің балабақшасына кезегіміз келмеді. Содан мемлекеттік балабақшалардың бірімен келісіп, балаларды

сонда орналастыру үшін, өзім тәрбиеленуші болып жұмысқа тұрдым. Меңгерушімен сөйлесіп, жалақы туралы естігенімде шалқамнан түсе жаздадым. Айлық жалақы – 31 мың теңге дейді. Бұған қоса, екі балама ай сайын 16 800 теңгеден, 33 600 теңге төлеуім керек. Сонда, әлгі жалақы тіпті, балалардың балабақшасының төлемін төлеуге де жетпейді екен. Өкініштісі, дүниенің бәрі қымбаттап, бар мүліктің бағасы шарықтап жатыр. Үкіметтегілерге балабақша тәрбиешісінің еңбекақысын көтеруге болмай ма?», - деп күйінді тұрғын.

Сондай-ақ ол, жалақының аздығына балабақша қызметкерлері үнемі ауысып отыратындығынан, салдарынан бөбектер қиналатынын жеткізді.

«Мұндай аз жалақымен Астанада қалай күн көресің? Мен жұмыс істеген уақытта, тәрбиеші ай сайын ауысып отырды. Бәрінің айтатыны бір – жалақы аз. Ал бір топта 45-48 баладан, жауапкершілік көп. Бірі ауырып, сырқаттанып қалса ата-аналар алдымен балабақша, оның ішінде, тәрбиеші

кінәлі дейді. Бәрінен бұрын, балаларға қиын. Апайларына енді үйрене бастағанда, ол жұмысынан кетіп, тағы басқасы келеді», - деп сөзін түйіндеді

тұрғын.

Тағы оқыңыздар: 

"Алтын Орда" базарында төрт баласымен бірге қайыр тілейтін әйелдің тағдыры елді алаңдатты

Меруерт Түсіпбаева сымбатты "сүйіктісін" көрсетіп мақтанды (фото)

Балақай Сириядағы соғыстан келген әкесін көріп, жылап жіберді (видео)

ОҚО-да арақ пен темекіні мүлде сатпайтын ауыл көпшілікке үлгі болуда (фото)

Оқырман анасын балағаттайтын шымкенттіктерге ірі айыппұл салуды ұсынды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1648216-astanada-31-mynh-tenhge-zhalaqy-alghan-balab.html